Қасқыр немесе айдаһар: жыл санақтағы бесінші хайуанның шынайы иесі кім

Almaty.tv
Almaty.tv
Қашқари қадап айтып, археологиялық дерек шегелеген нұсқа – айдаһар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлу жылы ма? Айдаһар жылы ма? Биыл келген жыл, тіпті қасқырға да тән болуы мүмкін. Бір қарасаңыз, бекер бас қатыру сынды көрінер. Бірақ бұл даудың түбінде тұтас халықтың аңыз-әфсанасы, тарихы жатыр. Әркім әрқалай топшылап, түрлі дерек келтіреді. Шындығы қайсы, жыл санақтағы бесінші хайуанның шынайы иесі кім? «Алматы» телеарнасының тілшісі талдап көрді.

Ұлу дегеніміз – қасқыр. Түп төркіні – ұлыма деген жанама атаудан, яки түркілік танымнан тараған деген болжам кең етек жайды. Әлеуметтік желіде талас туғызған бұл ойға ғалымдар басқа тұжырым айтады. Олар «жыл санаудағы бесінші аң қанша пайым айтсақ та, қасқыр емес, бауыраяқты моллюскалы жәндік те» болмайды дейді.

«Бұл жылдың иесі – қасқыр» деген пайымға түркі дәуірінен жеткен мына ескерткіштер түрткі болған. Бөрі басты, жылан денелі тас мүсін көпшіліктің көкейіне кие саналған көк бөріні қондырса керек. Оның үстіне, көп қауым «түркі жұрты қасиет тұтқан бұл аңның жыл санауға қосылмауы қалай?» дейді

– Қазір қытайдың айдаһарының шығу төркінін ғалымдар жан-жақтан іздейді. Оны жыланға да, қасқырға да ұқсатады. Кейбіреулері динозаврлардан қалған көзқарас деп біледі. Бұл – шешімін таппаған мәселе. Түріктердің, біздің ата-бабаларымыздың дүниетанымымен зерттесек, ұлу – ұшатын бөрі, көк бөрі деуге келеді, – деді археолог-тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Кенжеахмет.

Орта Азияның тарихи географиясын зерттеген ғалым «күнтізбедегі ұлу – айналып келгенде мифологиялық хайуан» дейді. Яғни, оны қазір қандай да бір аңға телу – қате ұғым. Ал «ел адасып, тарихи деректен ауытқып кетті» деген ғалымдар әңгімеге арқау болған ескерткіштің мүлдем басқа мәнге ие екенін айтады. Әрі жыл санаудағы бесінші аңға қатысты заттай, жазбаша һәм ауызша дәлел аз емес көрінеді.

– Ұлу жылын қасқырдың ұлуымен байланыстырып, осылай ақпарат тарату мүлдем қате. Ұлу – ұлу, айдаһар – айдаһар. Күнделікті өмірде біз қасқырды «бөрі» дейміз. Ал «бөрі» деген қасқырдың классификациясында жоқ. Бұл қасқырдың эвфемистік, әсірелеген, табу-тотем ретіндегі атауы. Сол сияқты айдаһар – жыл қайыруда «ұлу». Ал жазба дерекке келер болсақ, Махмұт Қашқаридың еңбегінде «иек» жылы, «тимсақ» жылы деп бөледі, екі атау береді. Бұл деп отырғанымыз – үлкен жылан, – деді этнограф-ғалым, профессор Тәттігүл Қартаева.

Қашқари қадап айтып, археологиялық дерек шегелеген нұсқа – айдаһар. Жыл қайыруды қолданатын елдердің көбі бесінші хайуанды осы аждаһаға телиді. Тек бұл жыл Қазақстанда ұлуға, Қырғызстанда балыққа айналып кеткен. Оның да өз түсініктемесі бар. Аузынан от шашқан аңды мүшел есебін қолданатын халықтар өздігінше атайды. Мәселен, алтайлықтарша айдаһар – ұлы, қырым татарлары мен ноғай тілінде – ұлу, моңғолдарда – луу, қытайша – лун, ауған тілінде – луй. Демек ұлу моллюскалы жәндік болмай, атауы аудармадан шыққан деген де нұсқа бар.  

– 1950-ші жылдарда жүргізілген Созақ қалашығындағы Баба-Ата қалашығынан тұмарша алқа шығады. Мыстан құйылған бұл алқада 12 хайуанның мүшел есебінің суреті шекілген. Яғни, құйылған. Онда бесінші айдаһар бейнесін нөмірлеген, – деді этнограф-ғалым, профессор Тәттігүл Қартаева.

Біз білетін ұлу – жәндік. Ал Қашқари еңбегіндегі бесінші жыл – су хайуаны деп көрсетіледі. Ғалымдар мұндағы «тимсақ» сөзінің түркілерден екенін дәлелдей келе, 12 жылды жануар атауымен қайыру алғаш түркі жұртында қалыптасқанын айтты. Кейіннен бұл санау Шығыс Азияға тараған. Ал археологиялық әрі жазба дерек түркі мен шығыс күнтізбесінің ортақ екенін айғақтайды. Ал «айдаһар-ұлудың» моллюскалы жәндікке ауысып кетуіне өткен ғасырдың 1970 жылдарындағы сөзбе-сөз аударма себеп-мыс. Ғалымдар солай болжайды.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтардың зейнетақысы мен жәрдемақысы қанша теңгеге өсті

Новости партнеров