Ақтөбедегі жаңа салынған үйлердің бірінде азаматтар хлор буына уланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Апат Ақтөбенің Алтын орда шағынауданында болған. Құрылысы жаңа ғана біткен кешенде хлор иісі тарап, пәтерде бейқам жатқан тұрғындар беймаза күй кешіпті. Әсіресе қарттардың қал-жағдайы қиындаған. Оқиғаға куә болған 70 жастағы Күләнда Байманова мен оның көршісі де өткен түнді қорқынышпен еске алды.
– Басымыз, ішіміз ауырды, әлі ауырып жатырмыз. Жедел жәрдем көлігімен алып кетеміз деді, бармадым. Денсаулыққа зияны тиді, – деді қала тұрғыны Клара Ажниязова.
Иістен улануды қауіп көрген өзге тұрғындар түні бойы дәлізде кезекшілік еткен. Кейіннен мәлім болғандай, оқиғаға кәріз желісінің бітелуі себеп екен. Ал қызмет көрсету компаниясы жағдайды қалыпқа келтірмек болып, дезинфекция жасаған.
– Жертөлеге хлор төгіп кеткен. Бірақ халыққа ескертілмеген. Келесі күні таңертең 2 адамды ауруханаға алып кетті. Бүгін көршілердің қызын жедел жәрдем көлігімен әкетті. «Шаңырақ құрылысқа» айтылды, бірақ тазалаған жоқ, – деді қала тұрғыны Руслан Кушенов.
Айта кетейік, тұрғын үй 2021 жылы қолданысқа берілген. Бірақ азаматтар жаңа пәтерге биыл ғана қоныстанған. Әзірге кешенге құрылыс компаниясы қызмет көрсетеді. Олар жертөлеге 4-5 келі ғана хлор себілгенін айтты.
– Тұрғындар қоқыс салады, содан құбыр бітеліп, жетөлені су басып кетті. Біз суды сорып, ішіне хлор септік, артынша хлордың бәрін қырып алдық. Қазір жоңқа сеуіп, ішін тазартып жатырмыз, – деді құрылыс фирмасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.
– Екі әйел зардап шеккен. Уланған. Дәрігерлер қарап, үйіне жіберілді. Көмек көрсетілгендер де үйіне кетті, – деді облыстық Жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Марат Жанқұлов.
Оқиға орнына полиция мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары барған. Соңғы аталғандар сараптама үшін тиісті материал жинапты. Тексеріс нәтижесі жуық арада белгілі болады.
Айта кетейік, қазір тұрғын үйдегі жағдай тұрақты. Тұрғындар оқиғаның мән-жайын түгел анықтап, кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.
Жансая Олжабек, Ләззат Әуесова, Жомарт Құдайберген, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан
Оқи отырыңыз: Астанадағы мектептердің бірінде құрт-құмырсқа қаптап кетті