Интернет – деструктивті діни ағымдардың әрекеті үшін тамаша орта. Мұның себебі - еркін және оңай, үлкен аудитория, пайдаланушылардың анонимділігі, қатаң бақылау мен басқарудың жоқтығы. Бұл деструктивті ұйымдардың өкілдерінің табысты және толықтай қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, дейді елордалық Діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы, дінтанушы Нұрсұлтан Диханбаев.
- Нұрсұлтан Жеңісұлы, әлеуметтік желілер арқылы жат діни идеологияның таралуындағы заманауи трендтер мен олардың ерекшеліктері туралы айтып өтсеңіз.
- Интернеттің қарқынды дамуы дін саласын айналып өтпеді. Дәстүріміз бен идеологиямызға жат ағым өкілдері әлеуметтік желіні өз пайдаларына ашық түрде қолданып жатыр. Деструктивті діни ағымдардың өкілдері психология, дінтану, менеджмент саласының кәсіби мамандары бола отырып, заманауи жетістіктерді тиімді пайдаланып, өз қызметінде белсенді жүргізуде. Мысалы, заманауи трендтен қалмай интернет арқылы таргет жібереді, әртүрлі тегін сабақтар ұйымдастырады, онлайн білім беру платформаларын ұйымдастыра отыра, өз қатарларын жастармен толықтыруда. Жастарды жат идеологиядан қорғаудың бір-ақ жолы бар. Ол - қоғамның діни сауаттылығын арттыру.
- Деструктивті діни ағымдардың мақсаты қандай?
- Мемлекеттің тұтастығына қол сұға отырып, қоғам мен мемлекет арасына іріткі салу. Діни радикалдар өздерінің кәсіби дағдылары мен қабілеттерін пайдалана отырып, еліміздегі діндарлар арасындағы толеранттылық пен конфессияаралық келісім қағидаттарын бұзуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. Сондай-ақ қоғамның әлсіз топтарын пайдалану арқылы, халықтың әлсіз жерінен басып, оларға мемлекетті жау етіп көрсету. Әрине, дін нәзік сала дейміз, бірақ оның түпкі мағынасын көбісі түсіне бермейді. Сол себепті біз дін саласының маманы ретінде қоғамға діни фанатизмнен аулақ болуға шақырамыз. Әркімнің қандай дінді ұстанамын десе өз еркі, алайда, сол «таза» деп жүрген ағымның кесірі тиіп кетпесіне кім кепіл?
- Жоғарыда таргет жарнамасы жайлы айтып өттіңіз. Мен өзім интернет пайдаланғанда байқаймын, дінге қатысты жарнамалар жиі шығып тұрады. Мұндай жарнама берушілерді бақылайтын орган бар ма?
- Шыны керек, оларды бақылауда ұстау мүмкін емес. Экстремистік материалдарды тарату немесе интернеттегі діни әдебиеттерді сату фактісі бойынша сот процестері үнемі болып тұрады. Алайда таргет арқылы жарнамалау бойынша әлі шағым келіп түскен жоқ. Одан кейін, таргет бәріне бірдей шықпайды ғой, оны да мақсатты аудиторияға жібереді. Сол себепті мұндай жарнаманы бәрі бірдей көре бермейді. Көріп қалған жағдайда, жарнама күмән тудырса қарамай өтіп кетуге кеңес береміз. Ал жат ағым өкілдерінің жіберіп отырған жарнамасы екеніне көзіңіз жетіп тұрса, шағымдану тетігін басып кетіңіз.
- Нұрсұлтан Жеңісұлы, деструктивті ағым өкілдерін ерекшеліктері неде?
- Радикалды топ өкілдерінің басым көпшілігінің жеке басын зерттей келе көп жағдайда ондай адамды қазіргі әлеуметтік жағдайға бейімделмеген, болашаққа деген сенім жоқ, агрессивті, өмірлік мәселелерді шешуде тек өзінің қара күшіне ғана сенетін, құқықтық нормаларды елемейтін маргинал ретінде сипаттайды. Олар өздеріне мүлдем сын көзбен қарай алмайды. «Менікі дұрыс, сендер адасқансыңдар» деген түсінікпен өмір сүрдеі. Сол себепті де олар өздерінің пікірлерін мәжбүрлі түрде мойындатуға тырысады. Ондай адамдардан көбінесе қатігездік байқалады. Жастарға әсер ету әсте оңай болғандықтан, осы айтқан қасиеттерді солардан байқауға болады.
- Сұхбатыңызға рахмет!