Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері мәлімдегендей, құрылғыны орнату шамамен 13 мың теңге тұрады
Су есептегіш құралын орнатпаған тұрғындар үшін тариф екі есеге өсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар анықтағандай, тұтынушылардың 35 пайыздан астамы коммуналдық кәсіпорынға тиісті құнынан артық ақы төлеп жатыр. Бұрын пәтерде тіркелген әр адам үшін судың бағасы айына шамамен 474 теңгеден есептелетін. Енді бұл сома 1242 теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты "Алматы Су" мекемесінің қызметкерлері халыққа арнайы құрылғыны орнатып, тек нақты тұтынған су үшін төлем жасауды сұрайды.
"Суды нормамен пайдаланса, бір тарифпен төлейді. Ол нормадан тыс пайдаланса, суды үнемдемесе, жоғары тариф бойынша төлейді. Соның ішінде есептегіш құралдарын пайдаланбайтын тұрғындар бар. Оларға 1 қыркүйектен бастап ең жоғары тариф көрсетілген", – деді "Алматы Су" МКК департамент директоры Серік Шағыров
"Алматы Су" өкілдерінің айтуынша, дифференциалды тариф енгізілгеннен кейін соңғы бірнеше айда 15 мыңға жуық алматылық су есептегішін құралын орнатқан. Шаралар ресурстарды үнемдеу мақсатында қабылданған. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері мәлімдегендей, құрылғыны орнату шамамен 13 мың теңге тұрады.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық мекеме қарызын өтемей жүргендерге қатаң шара қолдануға мәжбүр