Отандық медиакеңістікте есімі ерек аталатын Нұржан Жалауқызы бірқатар іргелі ұжымды басқара жүріп, қазақ журналистикасының дамуына қомақты үлес қосып келеді. Алматы дейтін аяулы шаһардың өткені мен бүгінін, бары мен жоғын таразылайтын «Алматы» телеарнасына басшылыққа келгелі бері де көзіқарақты көрерменнің көзайымына айналған тың жобаларды жүзеге асырып жүр. Журналистер қауымының төл мерекесі қарсаңында тәжірибелі медиаменеджермен әңгімелескен едік.
– Алматы азаттығымыздың алтын арқауы, тәуелсіздігіміздің төл бесігі деп жатамыз. Өнер мен мәдениеттің, руханияттың қастерлі ошағына бағаланған алып шаһардың тыныс-тіршілігі бүкіл ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Осындай ірі қаланың телеарнасына да үлкен міндет жүктелетіні белгілі.
– Әлбетте, солай. «Алматы» телеарнасына басшылық қызметке келгеніме бір жылға жуықтап қалыпты. Өзіңіз айтып өткендей, Алматы – ұлт руханиятының алтын діңгегі, бұрынғы астанамыз, қа¬зіргі ел экономикасының күретамыры, қаржы мен іскерлік орталығы. Абыз Алатаудың баурайында орналасқан мегаполистің әр көшесінде шежіре тұнып тұр. Ұлыларымыздың табанының ізі қалған, тарихы тым тереңде жатқан, атынан аңыз ерген аяулы қала. Жаңашыл қала, жаңалыққа құмар қала, жасампаз қала. Еліміздің көрікті жерлерін тамашалауға келетін туристер үшін Отанымыздың әуе қақпасы. Әркімнің жүрегінде өз Алматысы бар. Талайларды бақыт құшағында тербеткен мұндай ғажайып қалада өмір сүріп, еңбек етудің өзі – бір ғанибет. Шығармашылық өмір жолымда маған осындай мүмкіндік берген қала басшылығына ризамын әрі жауапкершіліктің жүгі ауыр екендігін де баса айтқым келеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға арнайы келіп Алматыны дамытуға арналған кеңес өткізді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған басқосуда көптеген маңызды мәселе сараланды. Қаланың тарихы, өткені мен бүгіні тұтас қамтылып, жаңа қадамдар жасалды. Міне, сол жұмыстар қалай атқарылып жатыр, білікті басшы Бақытжан Әбдірұлы бастаған қала билігі бұл бағытта қандай тың бетбұрыстарға барды? Осының бәрін мәртебелі көрерменге қаз-қалпында ұсынатын біздің телеарна. Экономика, туризм, өнер, мәдениет, әдебиет, білім-ғылым, экология, спорт секілді ел өркендеуіне серпін беретін негізгі салалардың бет-бейнесін боямасыз бедерлеуге күш саламыз. Бір сөзбен айтқанда, «Алматы» телеарнасы – Алматы қаласының айнасы. Бүкіл армандар тоғысқан арда қалада болған кез келген оқиға өзіңіз айтқандай, тұтас ел тұрғындарының көңіл күйіне әсер етеді. Осы жағынан келетін болсақ, бізге қойылатын талап та салмақты. Сондықтан Алматыда айтылатын сөздің ұтымды айтылуына, елді ынтымақ пен бірлікке ұйыстыра білуіне баса мән береміз. Әлемде және еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан елеулі оқиғаларды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Біздің жобаларымыз Отанымыздың түкпір-түкпіріне таралады.
– Яғни, аты аймақтық арна болғанымен, арқалаған жүгі, ауқымы кең дейсіз ғой.
– Аймақтық деп белгілі бір қалада орналасқандықтан айтылатын шығар. Дегенмен, мен бұл ұжымды ұлттық деңгейдегі мемлекеттік арна деп атаған болар едім. Өйткені біздің телеарна – меншіктік құрылым тұрғысынан қарайтын болсақ, акционерлік қоғам. Ал қаржы көздері тұрғысынан Алматы әкімдігінің тікелей ақпарат құралы және 100 пайыз мемлекеттік тапсырысты орындау бағытында құрылған телеарна. Негізгі құрылтайшымыз Алматы әкімдігіне қарасты Қоғамдық даму басқармасы. Бұқаралық ақпарат құралы болғаннан кейін тек мемлекеттің бюджетіне ғана қарап отырмаймыз. Сол алған қаржыға сапалы өнім өндіру арқылы нарықта басқа да телеарналармен қатарласа еңбек етіп жүргеннен кейін жарнамаға арқа сүйейміз. Сапалы өнімдер өндірілетін болса ғана жарнама берушілер өздерінің өнімдерін эфирімізге орналастыруға ниет білдіреді. Сондықтан екінші бір табыс көзіміз – жарнама. Алайда бұл бағытты негізгі нысанға алып, жарнама қуа беру де дұрыс емес. Өйткені біздің басты төрешіміз көрермен. Сол көрермен қауымның ықыласына лайық болу үшін қызмет етеміз. Телеарнада техникалық ауқым үлкен рөл атқарады. Осыдан жиырма бір жыл бұрын шы¬мылдығын түрген біздің арнамыздың техникалық әлеуеті Алматы қаласының аудиториясына лайықталғанымен, 2010 жылы іске қосылған «Отау» спутниктік желісіне енген болатын. Сол арқылы басқа өңірлерге де тарай бастады. Аймақтардағы кабельдік жүйелермен тікелей байланыс орнатып, келісімшарт арқылы таратыламыз. Былтырға дейін соңғы үш жылда бірінші мультиплекстегі 15 міндетті түрде тарайтын телеарналардың тізімінде болған екенбіз. Сол арқылы тек миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындары ғана емес, тұтас ел көрермендері біздің арна арқылы қоғам тынысын танитын. Өкінішке қарай, өткен жылдың 1 маусымынан бастап бұл тізімнен шығып қалдық. Осыған байланысты техникалық таралуда аздаған шектеулер де жоқ емес. Ірі мегаполистің тыныс-тіршілігін танытатын электронды БАҚ-тың еліміздің барлық аймағындағы көрермендерге қолжетімді болуына мән берілсе деген тілек көңілімізді меңдейді. Алдағы уақытта, бұл мәселе назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз. Ең бастысы, телевизияның табиғатын терең түйсінетін кәсіби мамандардан құралған шығармашылық ұжымымыз бар. Биыл өзінің 21-ші телевизиялық маусымын ашқан арнамыз телеэфирде тәулігіне жалпы алғанда 22 сағат бойы хабар таратып отыр.
– Арнаның басым бағыттарына, ең басты жобаларына жекелей тоқталып өтсеңіз.
– Көрерменге тағылымы мол, танымдық дүниелерді тарту ететін таңғы хабардан бастап, әр бағдарламаның сапалы шығуына айрықша мән береміз. Былтыр шілде айынан бастап аптасына екі мәрте көрерменге тікелей эфирде жол тартатын «АKIMAT LIVE» бағдарламасы жарыққа шықты. Алып шаһардың 8 ауданында не істеліп жатыр? Әкімдіктің құрамына кіретін басқармалар халықтың тұрмысын жақсарту үшін, қаланың тіршілігін жандандыру үшін қандай қадамдарға барды? Қала әкімінің тапсырмасы жүйелі жүзеге асып жатыр ма? Тұрғындарды мазалаған қандай проблемалар бар? Міне, осы сауалдардың жауабын айқындайтын жоба аз уақыт ішінде көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерді. Бағдарламаға келіп түсетін қоңыраулар арқылы кері байланысты бағамдап отырамыз. Мәселен, кейде Алматының проблемасын талқыға салып жатқан кезде басқа да өңірлерден азаматтар хабарласып, өзін мазалаған сауалдарын ортаға салады. Біз оларға да дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Әсіресе әлем жұртшылығын әбігерге салған індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемдерді қалай аламыз, қайда барамыз деген секілді көптеген сұраққа жауап бердік. Эфир тізгіншілерін де сол бағытта даярлап, студия қонағынан көрерменнің жанайқайына нақты жауап алуға қамшылаймыз.
Қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды өзек еткен «Шешімі бар» – «Есть решение» бағдарламалары тіршілік жолында күрмеуі көп күрделі жайттарға тап болған сан тарау тағдыр иелерін жігерлендіріп, оларға жол көрсететін жоба. Мәселен, жұмысқа қалай орналасуға болады немесе қосымша кәсіпті қалай игеруге болады деген сауалдарға осы жоба арқылы көрермендеріміз нақты кейіпкерлердің өмірлік тәжірибелері арқылы жауап алды. «Бақытты отбасы» орталығының мамандары әлеуметтік қиындыққа тап болған отбасыларға қамқорлық қолын созды. Қолы ашық кәсіпкерлеріміз бір жылдың ішінде осы жоба арқылы ғана 4 отбасына 4 тұрғын үйдің кілтін табыс етті. «Шынайы Ақберенмен» және «Честно с Сергеем Понамаревым» деп аталатын жаңа бағдарламаларда қалаға қатысы бар белгілі тұлғаларды сөйлетіп, сүбелі сұхбат жүргіземіз. «Өмір иірімі» жобасында адамгершілік асыл қасиеттерді, адами құндылықтарды дәріптейміз. Алматының тарихынан сыр шертетін арнайы жобамызда қаланың өткені, тұлғалары туралы тың деректер тауып, көрерменге ұсынамыз. Жаңалықтар қызметінің жұмысын жаңаша сипатта үйлестіруге күш салдық. Әсем шаһарымыздың 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Сандық технологиялар салтанат құрған Алматының ақылды қала ретіндегі даму жоспарын ұдайы тұрғындар назарына салып отырамыз.
Бақытжан Әбдірұлы шаһар тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап «Шетсіз қала» қағидатын ұстанып «Жаңа Алматы» концепциясын ұсынды, алдағы дамуымызды айқындап көрсетті. Күн сайын аумағы артып келе жатқан мегаполис тұрғындарының жайлы өмір сүруі – басты назарда. Яғни орталықтан шеткері орналасқан аудандардың тұрғындары үшін барлық игіліктер жасалуы қажет, оларға қолайлы өмір сүруге жағдай жасауымыз керек. «Шетсіз қала» тұжырымының негізгі мақсаты осы. «Наурызбай», «Алатау» секілді жаңа аудандардың жай-күйі, тас қараңғы көшелердің жарықтандырылуы, қаланың қос ауданынан Оқушылар сарайын салу бастамасы, сол секілді тағы басқа ауқымды жұмыстардың бәрі де сөзден гөрі істің кеңге қанат жайғанын көрсетіп отыр. Қала аумағына миллион ағаш егу, экологияны жақсартуға жасалған елеулі қадам. Тұрғындарға осы жұмыстарды насихаттап қана қоймай, мұның маңызды қадам екенін, бәріміз атсалыса отырып атқаратын шаруа екенін ұғындыруға тырысамыз. Бұл жұмыстардың бәрінде де ең алдымен билік пен халық арасындағы алтын көпір орнату ұстанымын негізге алып келеміз.
– Телевизия тұтас ұлтты тәрбиелейтін қуатты құрал дейтін болсақ, сіздердің шығармашылық топ бұл тұрғыда нақты қандай жұмыстар атқарып отыр?
– Ең алдымен мына нәрсені саралап алғанымыз жөн. Дәл қазіргі кезде телевизия қандай құрал? Бұрынғыдай үгіт-насихат құралы ма жоқ әлде қоғамдық санаға әсер ететін, тәрбие тетігі ме? Бұл негізгі екі функция да жоғалып кеткен жоқ деп айтқан болар едім. Бір-бірімен егіз өрілетін осынау қос жүйе кез келген БАҚ-тың бірден-бір негізгі бағыты болып қала бермек. Қазіргі кезде телеарна – әркімнің ойын түзейтін, бойын түзейтін, соған әсер етіп жол сілтейтін ақпараттық деректердің нақты әрі шынайы көзі десек артық болмас. Бәсекелестік нарығы салтанат құрған мезетте, әп-сәтте хабар тарататын түрлі ғаламтор желілері пайда болды. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланатын, миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де көбейді. Осы ретте олардың бәрі ақпаратты шынайы дереккөздерден алып отыр ма, жоқ әлде жеке тұлғалардың пайымынан туындаған пікірлермен шектеліп қалып жатыр ма деген сауал туындайды. Біреуі дұрыс айтады, біреуі бұрыс айтады. Міне, осыған назар аударуымыз керек. Себебі қисынға келмейтін, бір ғана болымсыз ақпарат бүкіл қоғамды адастыруы мүмкін.
Ал БАҚ-тың жұмыстағы ең негізгі ұстанымы – жұртшылыққа тек шынайы ақпарат жеткізу. Көз көріп, көңіл сенбеген нәрсені айта салу, жаза салу – журналистиканың табиғатына жат нәрсе. Соңғы кезде фейк-жаңалықтар, елдің назарын өзіне аударғысы келетін мысалдар да көбейе түсуде. Мұндайдан аулақ болу көрерменнің бізге деген сенімін арттырады. Екіншіден, әрбір телеарнаның бағдарламалық саясаты болады. Біздің телеарнамыз жоғарыда айтқанымдай, алып шаһардың бар мен жоғын бағамдап, атқарылып жатқан ауқымды жұмысты халыққа жүйелеп түсіндіріп беру болмақ.
Сауалыңызға нақтырақ ойысар болсам, расымен де көкжәшіктің ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін қуаты зор. Алматы – халқымыздың ұлы перзенттері Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов секілді дара тұлғалардың ізі қалған қасиетті қала. Ұрпақты ұлағатқа шақыратын берік тұтқа әдебиет дейтін болсақ, інжу-маржан мұраларды, ғажайып шығармаларды көрерменнің көңіл биігіне көтеруді мақсат тұтамыз. Қала әкімінің тапсырмасымен ұлт руханиятының қасиетті қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейлі белесіне арнап қабырғалы қаламгерлеріміздің өмірбаяндық бейнеанталогиясын әзірледік. Бұл – болашақ ұрпаққа азық болатын өміршең жоба. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына байланысты бірнеше жоба дайындадық. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған деректі фильм әзірлеу үстіндеміз. Жуырда «Алматым – менің махаббатым» деп аталатын мюзикл жарыққа шықты. Бұл жобалардың бәрінде адамды арман биігіне жетелей жөнелетін өмір жыры, көңіл сыры нәзік сезіммен жымдасып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді. Жеңіс мерекесінің 75 жылдығына арналған арнайы бағдарламада бұрын-соңды еш жерде айтылмаған тың мәліметтерді келтіре отырып, қасіретті қан майданның жанымызға салған жарасын, қазақ жауынгерлерінің көзсіз ерлігін әсерлі жеткізуге тырыстық. Олжас Сүлейменовпен жүргізген эксклюзивті сұхбатта Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Рейхстагқа ту тіккен Григорий Бо¬латовтың ерлігі туралы баяндалған ерекше естелік архивімізге енді. Жобаларымыздың бір парасына ғана тоқталып өттім. Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Оның бәрін телеэкраннан тамашалауға болады.
– Бұған дейін қазақ телевизиясының қарлығашы «Қазақстан телерадио корпорациясын» басқардыңыз, сол секілді басқа да отандық ақпараттық арналарда жауапты қызметтерде болдыңыз. Бір сөзбен айтқанда, осы саланың қазанында қайнаған медиаменеджерсіз. «Сіздің пайымыңыздағы қазақ телевизиясының қазіргі беталысы қалай?» деген сауалды қойғым келіп отыр.
– Әрбір кезеңнің үні сол тұста шыққан газет-журналдармен, телеөнімдермен өлшенеді. Бұқаралық ақпарат құралдары – дәуірдің айнасы, айнымас тарихы. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, елімізде БАҚ саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Келер жылы тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Осы отыз жыл бойы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ құралдарына ерекше ықылас танытып келді. Сөз бостандығы, ой еркіндігі туралы сонау 2000 жылдардың өзінде жиі айтылатын. Бұл отандық журналистиканың дамуына үлкен серпін берген жылдар болды. Мәселен, 2011 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан ақпараттық кеңістігінің дамуында елеулі серпіліс жасалды. Өйткені оған дейін 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын бірде-бір арна болмаған. Аталған жылдың 4 шілдесінде Елбасы мені қабылдап, корпорацияның тізгінін сеніп тапсырғанда осы идеяны алға тартқан болатын. Ол кісі: «Сіздің тәжірибеңізді ескеріп, осы жұмыстарды тапсырайын, соған дайынсыз ба?» дегенде мен бірден дайынмын деген жоқпын, тырысайын дедім. Арық айтып семіз шық деген ұстанымды алға ұстадым. Ұжым болып бірлесіп, ұлттық арнаны жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарататын арнаға айналдырдық. Алдағы күзде 10 жылдығын атап өтетін «Балапан» телеарнасы, ел спортының айбарын аспандатуға бағытталып, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен 2013 жылы құрылған «KAZSPORT» арнасы және тағы басқа да отандық телерадиоарналар ақпараттық кеңістікте өз орындарын шегеледі десек болады.
Оның бер жағында көптеген мемлекеттік емес телеарналар құрылды, басылымдар жарық көрді. Мұның бәрі біздің мемлекетіміздің ақпараттық кеңістікті жан-жақты зерттеп-зерделеп, көпұлтты Қазақстанымыздың БАҚ саласының еркін дамуына жол ашқанын көрсетеді. «Отау» спутниктің желісінің таралуы да осы жылдардың еншісінде. Әрине кемшіліктер де жоқ емес. Өзбекстанмен немесе Қытаймен шекаралас жатқан аймақтардағы радиотолқындарды көрші елдердің жиіліктері басып кетіп жатады. Бұл біздің техникалық мүмкіндіктеріміздің әлі де болса шектеулі екендігінің көрінісі. Техника үнемі дамып отырады. Осы жаңа технологияның өмірге енуінің нәтижесінде осындай кемшін тұстарымызды реттеп алсақ жөн болар еді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер өмірімізге дендеп енген тұста дәстүрлі БАҚ-тардың міндеті одан сайын арта түсуде. Шынайы ақпаратты шұғыл түрде тарату – бұл кәсібиліктің бірден-бір өлшемі.
Бір ескерер жайт, дүниенің бәрін тек бюджетпен өлшеуге болмайды. Үш телеарнаға басшылық еттім. Бірі – коммерциялық, бірі – ұлттық, енді бірі – аймақтық. Үшеуінің де бюджеті әртүрлі. Бірақ барлық жерде бір жұмыс. Журналистика дегеніңіздің өзі дәрігерлер секілді сағатпен санаспайтын қызмет түрі ғой. Күн-түн демей жұмыс істейтін кезіміз болады. Былайша айтқанда, әр күніміз камера алдындағы қарбаласқа ұқсайды. Кез келген шығармашылық жұмыстың жемісі сол – қандай да бір жобаң халықтың көзайымына айналса көңілің қанағат тауып, жігерленесің. Заманның ерекшелігі сол – бұрын жоба тек эфирден өтсе, енді оны әлеуметтік желілер арқылы көрерменге ұсынасың. Тек біздің телеарнада ғана емес, отандық медианарықта мықты телевизиялық жобалар қалыптасты. Ниеті дұрыс, көңілі ояу көрерменнің бұл жетістіктерді көрмеуі мүмкін емес.
– Төтенше жағдай кезінде қолға алынған жобалар, телеарна тарапынан арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз?
– Беті бері қарады десек те, қауіпті індеттің қай мәреге барып жығылатыны әлі де белгісіз. Ең алғаш індет жұқтырған науқас, өкінішке қарай, біздің қаламызда тіркелді. Телеарнамыздың бағдарламалар кестесін өзгерттік те, жаңалықтар қызметінің жұмысын жедел түрде қайта қарадық. Негізінде желтоқсан айында індет Уханьда пайда бола бастаған кезден тақырыпты зерттеп, көрерменді хабардар ете бастаған болатынбыз. Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жұмысын көрсету мақсатында бірнеше деректі фильм, арнайы бейнероликтер дайындадық. Ең өкініштісі, қоғамда әлі де індеттің бар екеніне сенбейтіндер бар. Соларға түсіндіру үшін, пандемияның қаншалықты қатерлі екенін дәрігерлерге айтқыздық. Күн сайын елдегі және әлемдегі соңғы ақпараттарды жіпке тізіп, көрерменге ұсынуды назарда ұстадық. CCTV-нің Уханьнан басталған індет туралы, Discovery телеарнасының әлемдегі пандемия жайлы түсірген деректі фильмдерін де шұғыл түрде аударып, көрермендердің назарына ұсындық. Ұжымда да сақтық шараларын бірден қолға алдық. Бүгінге дейін қызметкерлерімізді бірнеше рет ПЦР тестінен өткіздік. Мың шүкір дейін, бәріміз аманбыз.
Еліміздегі төтенше жағдай жетпіс күнге жуық созылған кезде қала әкімі басқарған Шұғыл штабтың жиналысында да, қазіргі кезде әкімнің арнайы тапсырмасымен құрылған қалалық ведомствоаралық комиссияның онлайн-отырыстарында да індеттің үдемеуіне қатысты іс-шараларды халыққа жедел түрде жеткізу үшін қызмет етудеміз. Басылымдарыңыздың мүмкіндігін пайдалана отырып, барша оқырманды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырғым келеді. Коронавирус әзілге айналдыратын әңгіме емес. Бәріміз бірлесе күрессек қана бұл тажалды тойтара аламыз. Жақындарымызға жанашыр болайық.
– Журналистер күні қарсаңында жас оқырмандарымызға, тілшілік тіршілікке бет алған ізбасарларыңызға айтар кеңесіңіз, тілегіңіз бар ма?
– Абайша айтсақ, «Түзу жүріп, тырысқан адамды Құдай да құр тастамайды». Еселі еңбек, маңдай тер мұратқа жеткізеді. Бұлжымас қағида осы. Үдеге сай болсаң, қатарыңнан алға озасың. Тасты тесетін судың қуаты емес, тамшының тұрақтылығы. Сол секілді сөз өнерін жанына серік еткен жан үнемі оқып, ізденіп, өзін қамшылып отыруы керек. Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Әуелі оқып, оны ойыңа өре біл, Өзі-ақ келер сонсоң жазу өнері» демеп пе еді. Сауатты, білікті маман ешқашан тасада қалмайды. Журналистика дейтін қасиетті айдынның тұнығын лайламаймын, киесін кетірмеймін деген ұстаным әрбір болашақ тілшінің өмірлік кредосына айналуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, «Egemen Qazaqstan» газеті