Сауд Арабиясына қажылыққа баратындар міндетті түрде менингококты жұқпаға қарсы екпе салдыруы керек
Жылдағыдай биыл да жаз басталғалы демалысын шетелде өткізгісі келетін қазақстандықтар қатары көбейген. Осы орайда, шекара аспай тұрып отандастарымыз нені ескеру керек, қай елдер эпидемиялогиялық жағынан қолайсыз саналады, жалпы аса қауіпті жұқпалы аурулардан сақтанудың қандай амалдары бар деген сұрақтарға жауап іздеуді жөн көрдік. Almaty.tv тілшісінің сауалдарына Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейірманова жауап берді.
– Ақмарал Сансызбайқызы, жаз – қазақстандықтардың шетелге ағылатын уақыты. Отандастарымыздың қауіпсіздігі үшін айта өтсеңіз, ауру жұқтыру қаупі жоғары мемлекеттер қандай?
– Жаз уақытында шетелге шығатын саяхатшылардың саны артуына байланысты біз көптеген жұқпалы аурулардан индемиялық немесе эпидемиологиялық жағынан қолайсыз мемлекеттерді үнемі жариялап отырамыз. Мәселен, тырысқақ ауруы бойынша Тайланд, Үндістан, Доминикан республикасы және Африка елдері ең қауіпті саналады. Сондай-ақ, безгек ауруы бойынша Вьетнам, Үндістан, Доминикан республикасы, Африка елдері, ал, эбола қызбасы бойынша Гвинея, Либерия, Конго елдері эпидемиологиялық қолайсыз елдерге жатады. Тайланд, Индонезия, Қытай, Жапония, Вьетнам, Сингапур және Оңтүстік Америка елдерінен денге қызбасын жұқтыру қаупі жоғары. Сонымен қатар, сары қызба бойынша Африка және Оңтүстік Америка елдері аса қауіпті саналады. Зика жұқтырмайын десеңіз Мексика, Тайланд, Индонезия, Гаити, Бразилияға барғанда абай болу керек. Ал, Куба мен Доминикан республикасы эпидемиологиялық қолайсыз елдердің қатарына жатады.
– Осы мемлекеттерге шығардың алдында міндетті екпелер ектіру қажет пе? Егер болса, олар аурудың алдын алу үшін салына ма, әлде иммунитетті жоғарылату үшін бе?
– Жаңа жоғарыда атап өткен аурулардың ішінде сары қызбаға қарсы екпе міндетті түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, Сауд Арабиясына шығатын, қажылыққа баратындарға менингококты жұқпаға қарсы екпе міндетті болып саналады. Сонымен қатар, кене энцефалитіне қарсы Қазақстанда екпе жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, қандай да бір екпе жүргізудің мақсаты – адам иммунитетін жоғарылату және жұқпалы аурулардың қоздырғыштары адам ағзасына түскен уақытта олардың әрі қарай көбеюінің алдын алу.
– Саяхаттауды ұнататындар үшін эпидемиолог маман ретінде айтатын белгілі бір кеңестеріңіз бар ма?
– Иә, әрине. Жаз мезгілі – еңбек демалысының маусымы. Бұл кезеңде шетелге шығушылардың саны өседі. Ел-жер көрген, керемет әсерге бөленген жақсы, бірақ әлгі аталған елдерден ауру жұқтырып алып, соңы өлімге апарып соғатын жағдайлардың кездесетінін естен шығармаған да жөн. Сол себепт, шетелге шығар алдында осы жұқпалы аурулардың алдын алу іс-шаралары туралы білген дұрыс.
Сондықтан айтарым, біріншіден, жолдама сатып алар алдында баратын мемлекет, ондағы жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жағдайын қарастырған жөн. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағынан қауіпсіз, яғни қайнатылған және сатып алынған бөтелкедегі суды қолдану керек. Ал, шомылған жағдайда да тек белгілі су қоймаларында, бассейндерде шомылған дұрыс. Ондай кездерде өзіңіз бен жақындарыңыздың су жұтып қоймауын қадағалап, мүмкін болса, сыры беймәлім жергілікті жердің ауыз суын ішпеуге тырысу керек. Көкөністер, жемістерді қолданар алдында да оларды қайнаған сумен немесе бөтелкедегі арнайы сумен жуып, барып қолдану шарт
Екіншіден, мүмкін болса, көшеден тамақ жемесеңіздер... Теңіз өнімдері секілді термиялық толық өңделмеген тағам өнімдерін қолданарда сақ болу керек. Содан соң, жәндіктер көбіне, масалар, шыбын-шіркейлер мен кене жаңағы аталған көптеген аса қауіпті қызбалардың негізгі қоздырғыштарын тасымалдаушы саналады. Сол себепті, жататын бөлмелерде, үйлерде терезелерде москитті тордың болғанын қадағалау керек. Репелленттерді, яғни, осы жәндіктерді үркітетін заттарды қолдансаңыздар, артықтық етпейді. Далаға серуендеуге шыққан кезде, әсіресе, таңғы және түнгі, кешкі уақыттарда міндетті түрде етек-жеңі ұзын киімдерді киген өздеріңізге жақсы. Бұл да жәндіктерден қорғанудың бір амалы.
Айта кететін басты жағдай, егер денсаулық сыр берген жағдайда, шетелде не Қазақстанда болсын, міндетті түрде дәрігерге жүгініңіздер.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!