Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі, Семей облысындағы ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім Виктория Мокроусова Президент жолдауына пікір білдіріп, кейбір реформаға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын реформалауды және бірнеше жаңа облысты, соның ішінде Абай облысы құрылатынын айтты. Мен мұндай шешімді толығымен қолдаймын. Бұл Семей қаласының дамуына оң әсер ететініне, жаңа жұмыс орындарының ашылатынына күмәнім жоқ. Бұл, әрине, облыс тұрғындарына тиімді деп ойлаймын. Өзім Үржарда дүниеге келгендіктен, Шығыс Қазақстан өте ыстық», - дейді ол.
Оның айтуынша, біраз уақыттан соң әке-шешесі Бородулиха ауданына қоныс аударып, өзі де сол өңірде біраз жыл мектеп мұғалімі болған.
«Семей қаласындағы педагогикалық техникумға оқуға түсіп, 3 жылдан кейін дипломмен туған ауылыма оралдым. 10 жыл бойы мектепте жұмыс істеп, балаларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Қазақстан – менің Отаным, мен осында тұрамын, осында оқимын, сондықтан мемлекеттік тілді білу – парызым», - деді Виктория.
Сондай-ақ Виктория өзін Қазақстан патриоты санайтынын айтты.
«Қаңтар оқиғасы – елімізде болған уақытша қиындық. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері әрқашан тату-тәтті өмір сүріп келеді. Алдағы уақытта да осылай өмір сүретінімізге, еліміздің тек көркейе беретініне сенімдімін. Өз басым Қазақстаннан кету туралы ешқашан ойлаған емеспін. Мен осында туып-өстім, өз елімнің патриотымын. Туыстарым, ата-анам кейде кетуді ойласа да, мен үнемі «Ал мен осында қаламын» деп айтамын. Менің тек Қазақстанда тұрғым келеді, басқа ешқайда кетпеймін», - деді ол сөз соңында.
Дереккөз: zakon.kz