Ораза айттан 70 күн өткен соң болатын Құрбан айт мейрамына дейін санаулы ғана күндер қалды. Асыл дініміздегі айрықша бұл мерекені көпшілік тек құрбандыққа мал шалу керек деп түсініп жатады. Алайда оның ауқымы одан да үлкен. Құрбан айтты қалай қарсы алу керек? Оның мәні мен мағынасы туралы түсінігіңіз қандай? Осы тұста біз еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлымен сұхбаттасқан едік.
– Құрбан шалудың мән-мағынасы қандай? Не үшін адамдар Құрбан шалуы керек?
– Құрбан сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан құрбандықты шалудың түпкі мағынасы адам өз ықыласымен Аллаға деген мінәжатын жасап, ғибадатын орындайды. Жүрегіне ұялаған тақуалығын, шынайы пейілін білдіреді. Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иісті әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Бұдан соң, ақ дастархан жайып, ілтипат-ықыласын білдіреді. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.
Бір хадисте бөлінбеңдер, бір-біріне жақын болыңдар. Біздің халқымызда бірлесіп, мақсатты болу үшін қоғам болыңдар. Қоғамдасудың, жақындасудың түпкі мағынасы сол хадисте айтылғандай, адамдар тілекте де, ниетте де бір болу деген мағынаны білдіреді. Өйткені құрбан сөзінің мағынасы жақындау, жақындасу. Сондықтан бұл күнді Құдайға жақындау үшін құлшылық жасап, құрбандық шалып, дастархан жайып, ағайын, туыс, бауырға жақындасып, ортақ тілекте, ортақ мақсатта бір-біріне ізгілікті, мейірбандылықты, сүйіспеншілікті орнататын мейрам деп айтуға болады
– Құрбандыққа қандай мал шалу керек?
– Әдетте бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетем деу - әбестік.
– Құрбан шалу кімдерге парыз?
– Шариғатымызда құрбандықты зекет нысабына жеткен адам шалады. Зекет нысабы адамның өзінің күнделікті пайдаланып отырған ішер ас, киер киімінен бөлек, 86 грам алтынды құрайды. Міне сондай артық дүниесі болған адамға құрбандық шалу уәжіп болып саналады. Ал енді қарызданып, қауғаланып, мен де құрбан шалайын десе, ол болмайды.Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне таратылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Құрбандық шалуға жағдайы келмеген адамдар ақ дастарханын жайып, адамдарға айттық берсе де болады.
Айта кету керек, биылғы Құрбан айт тамыздың 11-13 жұлдыздарына түсіп тұр. Айт намазы елорданың барлық мешіттерінде таңғы сағат 7-де басталады.