Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түзету мекемесінде болған жан түршігерлік жайт елді алаңдатпай қоймады. Ішкі істер министрі бастаған топ түзету колониясының жұмысын толығымен тексерді. Сапар барысында, сотталғандар ұсталатын отрядтар мен камераларды аралап, жазасын өтеушілердің тұрмыстық жағдайларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішкі істер министрі бастаған топ түзету колониясының жұмысын толығымен тексерді. Сапар барысында, сотталғандар ұсталатын отрядтар мен камераларды аралап, жазасын өтеушілердің тұрмыстық жағдайларымен танысты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық көмек көрсету, тамақтандыруды ұйымдастыру және еңбекпен қамту мәселелерін қадағалады. Министр азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сотталғандардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Шара барысында негізінен ұстау режимі, қылмыстық істер, тұрғылықты жері бойынша ауыстыру және құжаттандыру мәселелерімен 37 адам жүгінген.
Осыдан кейін колония басшысы жұмыстан қуылды. Ал, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа видеоны толық зерттеп, аталған мекемені тексеруді тапсырды. Министр кеше «Адам құқығын қорғау хартиясы», халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы өкілдігі және заң ғылымдарының докторларые ертіп, түзету мекемесін аралады. Бас полицей сотталушыларды жеке қабылдап, келіп түскен ұсыныстарты азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылады.
«Жұмыспен қамту бойынша біраз мәселе бар. Бұл тақырыпты құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет көтерген еді. Сотталушылармен сөйлессек, олар жұмыс істеуге құлшыныстыраның барын айтады. Алайда, жұмыс берушілер алмайды екен. Сондықтан жұмыс орындарын көбейтуді қарастырамыз», – деді ҚР ішкі істер министрі ЕРЛАН ТҰРҒЫМБАЕВ
Сотталғандарды қабылдағаннан кейін ішкі істер министрі азаматтық қоғам өкілдерімен бірге келіп түскен ұсыныс-тілектердің барлығын талқылап, бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтардың жағдайын жақсартуды оңтайландыру бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды қарау туралы шешім қабылданды. Сапар барысында колониядағы жалпы білім беретін мектепті және кәсіптік-техникалық колледжді аралап көрген министр білім беру үдерісін ұйымдастыру сапасына көңіл аударды. Министрмен бірге келген қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері, ведомства тарапынан түзету мекемелеріндегі жұмыспен қамту ұйымдары және азаматтық қоғаммен өзара диалогты нығайтудағы оң үрдістерді атап өтті.
«ІІМ дұрыс бағытқа бет бұрды. Жұмыс нәтижелері жай көздің өзіне анық байқалады, барлық төтенше жағдай бойынша дереу шаралар қабылданады. Азаматтық қоғамның жұмысы үшін ешқандай кедергі жоқ», – деді Алматы облысы Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі Игорь МИРОШНИЧЕНКО.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев барлық түзету мекемелерін аралап шығып, арыз-шағымдарды жинап, заң аясында шешуге ниетті. Еске салайын, осы колонияда бүгінгі күні 737 жазасын өтеуші. Оның 426-сы еңбекке жарамдылар, 243 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту деңгейі 57%. Колония аумағында шағын және орта бизнестің 7 нысаны жұмыс істесе, онда 119 сотталған металл құрылымдарын, шлакоблоктар дайындаумен және тігін бұйымдарымен айналысады.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы