«Сұраныс төмендеген»: Қазақстанда бензин бағасы тағы арзандауы мүмкін бе?

«Сұраныс төмендеген»: Қазақстанда бензин бағасы тағы арзандауы мүмкін бе?
Елімізде соңғы жылдары бензин - 8%, авиакеросин - 21%-ға арзандаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Болашақта бензинге сұраныс азаяды. Сондықтан бүгінде 8 пайызға түскен жанармай бағасын бір жыл осы шамада ұстап тұруға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, бүгінде әуе отыны да 21 пайызға бір-ақ арзандаған. Бұған не әсер етті? Алдағы уақытта жанармай нарығы қалай құбылуы мүмкін? Бұл сауалдарға Almaty.tv тілшісіне сұхбат берген экономикалық сарапшы, техника ғылымдарының докторы Тоқтамыс Меңдібаев жауап беруге тырысты.

– Тоқтамыс Нүсіпқұлұлы, әуелі бензин бағасына тоқталсақ... Әрине, қарапайым халық үшін жанармай бағасының арзандағаны жақсы. Дегенмен, неліктен аяқасты баға құбылды? Қуанышымыз көпке созылмай, қайтадан қымбатшылық болуы мүмкін бе?

– Соңғы 10 жылда елімізде Атырау, Павлодар, Шымкент секілді үш мұнай өңдеу зауыт модернизациядан өтіп, өнім шығара бастады. Бұрын жылына 14,5 миллион тонна мұнай өңделетін болса, былтыр бұл көрсеткеш 16,5 млн. тоннаға өсті. Оның ішінде жанарамай да, керосин де бар. Сөйтіп ішкі нарықта өзімізді бензинмен қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық. Қазіргі кезде біздің бензин қоятын қоймалар толық, оның ішінде Ресейден бұрын әкелінген бензин де бар. Қазір жанармайға сұраныс та азайып отыр. Нәтижесінде, елімізде бензин бағасы төмендеді.

– Ал, әуе отыны бір жылда 21 пайызға арзандаған. Қазір ұшақ билеттерінің бағасы да арзандап жатыр. Бұл бағаны ұстап тұру қаншалықты ұзаққа созылады деп ойлайсыз?

– Энергетика министрі Бозымбаев 2019 жылы авиа керосинмен елімізді толық қамтамасыз етеміз деген болатын. Шынында да, бүгінде авиакеросиннің бағасы төмендеді, соған байланысты билеттер де арзандады. Бұл жақсы жағдай экономикамызға, ауылшаруашылығына, транспортқа оң әсерін тигізді. Жақында ғана Ресей мен Қазақстан арасында келіссөз жүрді, соның нәтижесінде Қазақстан бензинін, авиакеросинін ЕЭО елдеріне экспорттауға қол жеткізді. Енді ол екеуін экспортқа шығаруды бастасақ, онда баға қайта өседі.

– Мұнай өңдеу мәселесіне келсек, елімізде 2023 жылы бензин шығару 5 миллион тоннаға жуықтайды деген болжаммен келісесіз бе? Осы тұста, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға тауарды экспорттау бастамасы өзімізге қаншалықты пайда әкеледі?

– Экспорттың екі жағы бар. Бір жағынан, мұнай өнімдерін шығарған дұрыс. Бірақ екінші жағынан, ол еліміздің ішкі нарығындағы жанар-жағармайдың бағасына теріс әсер етуі де ғажап емес. Қазақстан – жанармай құны ең төмен ел. Бізден төмен Иран мен Никарагуа ғана. Әрине, бұған көрші елдердің ықпалы бар. Сонымен қатар, Қазақстандағы әлгі айтқан 3 зауыты К-4, К-5 жоғары маркалы бензин шығара бастады. Бұл Еуразияның техникалық талабына сай келеді. Сондықтан, сыртқа мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігі пайда болды. 2023 жылы 5 миллион тонна бензин өндірілуі мүмкін. Әзірге бензинге деген ішкі сұраныс 4 миллион тонна. Қостанайда электромобиль шығаратын зауыт жақында қолға алынбақшы. Мұның бәрі бензинге деген сұранысты төмендетеді. Ол өз кезегінде бензин бағасын тежеуі мүмкін.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Новости партнеров