25 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Осы орайда алматылық мұғалім Болат Мыңбаевтың Almaty.tv тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатын назарыңызға ұсынамыз.
— Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есеп беру презентациясы көңіліңізден шықты ма? Қандай бастамаларын құптайсыз?
— Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мырзаның 25 маусымдағы Орталық коммуникациялар қызметінде жасаған презентациясын тікелей эфирде көрдім. Әкімнің берген есебі мен жасап жатқан жобалары толықтай көңілімнен шықты деп айта аламын. Мәселен, әкімдіктің бастамаларының бірі – «Сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау және білім беру». Қолжетімді орта білім беру үшін 12,6 мың орынды сегіз мемлекеттік мектептің, 1,7 мың орынды алты жеке мектептің, 8 263 орынды 17 жаңа мектептің құрылысы жүруде, сондай-ақ төрт мектеп сейсмикалық нығайтылуда. Бұл шаралар жыл соңына дейін 21 мыңнан астам жаңа оқушы орын құруға мүмкіндік береді. Білім беру саласында қызмет етіп жүргендіктен, мен үшін бұл өте қуантарлық жағдай.
— Биыл 4,2 мыңнан астам бала мен жасөспірімді тегін үйірмелермен қамту жоспарланып отыр. Жан басына шаққанда қаржыландыру аясында 4,5 мың адам спорттық секцияларға тегін қатыса алады. Осы жоспар туралы не айтасыз?
— Бұл жобаның мақсаты дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы, денсаулық екенін бәріміз білеміз, сондықтан спортпен айналысып, үйірмелерге қатысса шымыр, икемді болып, көп жағдайда төзімділікке үйретеді. Әсіресе, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына тегін болса деймін. Жас дарын өз қабілеттілігі мен талантын сәтті пайдаланса, біліміне кедергі болмайды деп ойлаймын.
— Әкім «IT сауаттылықты мектептерде арттыру қажет» деді. IT сауаттылықты арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Қазір IT технология заманы, қашықтан оқыту барысында оған бәріміздің көзіміз жетті. Сонымен қатар, пандемия педагогтар қауымының біразының IT сауаттылығы жеткіліксіз екендігін көрсетті. Менің ойымша, педагогтың технологиялық инновацияларға қарым-қатынасы, технологиялық трендтерді түсінуі, уақыттың талабына сай болып, біліктілігін, өзін-өзі дамытудың пайдасын түсінуі арқылы IT сауаттылығын арттыруға болады.
— Қаладағы барлық оқу орындарын сандық форматқа көшіріп, технологиялық мүмкіндіктерін арттырамыз деді. Оған сіздің пікіріңіз қандай?
— Барлық оқу орнын сандық форматқа көшіру дегенді толықтай құптаймын, міндетті түрде көшу керек. Жоғарыда айтып өткенімдей, пандемияның бір жақсы әсері адамдар сандық технологияны меңгере бастады, үйден шықпай-ақ кез-келген құжатты алу, уақытты үнемдеп ғана қоймай, заманға сай біліктілікті арттырады. Менің көзқарасым, бәріміз де IT сауатты болуымыз керек, алайда әлеуметтік желіге тәуелді болмауымыз керек.
— Мектеп мұғалімдерінің жаңа оқу форматына сай біліктілігін арттырып жатырмыз деді. Онлайн оқытудағы ұстаздың біліктілігі қандай болуы керек?
— Мұғалімнің білімін, ең бастысы, кибербуллинг пен озық технологияларды пайдалануға бағытттау қажет, әр мұғалім IT сауатты ғана емес, сонымен қатар сабағына қажетті болса, видео роликты да жасай алуы қажет. Қазіргі мұғалім ол блогер, эксперт, психолог, яғни жан-жақты болуы керек деп ойлаймын.
— Немесе қандай жаңа дүниелерге ұстаздар бейімделу керек? Бала оқытуда қандай жаңа дүниелерді ұсынар едіңіз?
— Қазіргі заманда мұғалім ғана емес, барлық саланың кәсіп иелері нарық пен қоғам сұранысына бейімделеді. Ұстаз баланың қажеттілігін бірінші орынға қояды, егер оқушыға майнкрафт қызықты болса біз майнкрафтты сапалы білім беру үшін қолданамыз. Ең бастысы, баланың қажеттілігін ескеру, кез-келген инновация оқушы мүддесін нығайтқаны дұрыс. Онлайн психологиялық консультация кабинетін ашқан болатынбыз, себебі пандемия кезінде психологиялық көмек жұмысын қашықтықтан беруге тура келді. QR-код арқылы жүктелетін танымдық кітаптарды жарияладық. Оқушыға сабақ қызықты квест болуы керек, қызығушылық танымды нығайтатын тапсырмалар мен ойындар қажет. Жаңа заман баласы анасының құрсағынан бастап IT технологияларды игере бастайды, сондықтан кез келген білім IT технологиялар арқылы берілуі ол – заман талабы.
— Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!