Кәсіпкер, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Мұхтар Зулеев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында жасаған баяндамасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы М. Зулеев өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Өздеріңіз білетіндей, Алматыда нүктелі және тығыздалған құрылыс мәселесі – ең көп талқыланған мәселелердің бірі. Соған орай қала аумағының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын салу» ережесі дайындалды. Негізгі идея – Алматының тарихи келбетін сақтау, қалпына келтіру, қала құрылысына қойылатын негізгі талаптарды белгілеу. Халықтың тығыздығы тарихи орталықта гектарына 300 адамнан, ал басқа аудандарда 440 адамнан аспауы керек. Орташа тұрғын үй көлемі 1 адамға 18-25 шаршы метрден кем болмауы керек. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 2 млн 604 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарланған. Мысалы, 2020 жылы іске қосылған «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша 116 отбасы баспаналы болды», – деп жазды М. Зулеев.
Сонымен қатар, депутат Алматыдағы ескі тұрғын үй мәселесі шешілгенін атап өтті.
«Бұл ретте біз қала үшін тарихи бірегейлікті сақтау – бірінші міндет екенін түсінеміз. Сондықтан Алматы қаласының әкімдігі тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын қабылдады. Ол 708 ескі үйді немесе 6 637 пәтерді бұзуды және 683 үй салуды көздейді», – деді ол.