Алғашқы Халықаралық жыршы өнері фестивалінде дәстүрлі әнші Ұлжан Байбосынова бас жүлде иеленді. Бес күнге созылған шараға Қазақстан, Корея, Моңғолия, Малайзия, Мажарстан сынды 74 мемлекеттен 160-тан астам өнерпаз қатысқан.
Жалпы байқауда қатысушыларға қандай талап қойылды? Бұл туралы жыршы Ұлжан Байбосынова Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
«Бұл бірінші рет өткізіліп отырған бақша-жыраулар сайысы. Мұны Өзбекстан мемлекеті ұйымдастырып, Термез қаласында өткізді. Былтыр өзбек президенті қаулы қабылдап, әр екі жыл сайын бақша-жырауларының сайысын өткізіп отыруды, өнердің бұл түрін мектептерге пән ретінде енгізуді тапсырған болатын», - деді қазақ жыршысы.
Оның айтуынша, сайысқа Еуропа мен Азияның мықтылары жиналған.
«Халықаралық деңгейдегі сайыс болғандықтан оған көптеген мемлекеттен жыршылар келді. Азия мықтылары саналатын Корей, Қытай, Сингапур, Филиппин өкілдері, Шығыс Еуропадан сербтер, хорваттар, болгарлар, румындар, мажарлар секілді ұлттардың өнерпаздары арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, Ресейдегі түркі халықтары түгел келді. Барлығы 74 елден 160-қа жуық жыршы болды», - дейді Ұлжан Байбосынова сайыстың ауқымы жайында.
Оның сөзінше, жыршылар жарысынан бөлек бұл күні ғалымдар ғылыми конференция өткізіп, ұлттық өнердің маңызы жайын талқылаған. Сондай-ақ, Термезге келген өзге ұлттар ұлттық жәрмеңкесін де ұйымдастырыпты.
Ал, қатысушы жыршыларға қойылған талап өте жоғары болған.
«Ең алдымен әрбір қатысушы дастаннан үзінді оқуы тиіс. Оларға 30 минут уақыт берілді. Жырды тек жаттап қана айтуға болмайды, оны өзінің мақамына салуың керек, жыр әуенді болуы керек. Мәтіні де талапқа сәкес болуы шарт. Жыршының сахналық шеберлігіне, киім үлгісіне де мән беріледі», - дейді Ұ.Байбосынова.
Оның сөзінше, Орта Азия халықтарының түбі бір болғандықтан, кейбір жыр-дастандар бірнеше халыққа ортақ екен.
«Жыр-дастан орындау өнері Орта Азияда әлі де болса кең сақталған. Туыс халықтар болғандықтан ортақ жырларымыз бар. Мысалы, қазақтар да, түркімендер де Көроғлыны жырлайды. Сол секілді Алпамыс батыр жыры өзбектер арасында да кең таралған. Ал, қарақалпақтар мен қазақтарға Едіге батыр ортақ», - дейді жыршы.