Елімізде кейбір азаматтық істерді нотариус арқылы шешуге болады

23.02.2019 00:49

Енді сотқа жүгінбей-ақ, Атқару жазбасы арқылы ақшалай немесе мүліктік қарызды өндіріп алуға болады

Бұдан бұлай кейбір азаматтық істерді нотариус арқылы шешуге болады. Нақты айтсақ, нотариус арқылы енді борышкерден, жұмыс берушіден, коммуналдық қызметке төлемеген жеке тұлғадан зардап шегуші тараптың ақшасын не мүлігін өндіріп алуға болады. «Атқару жазба» деп аталатын бұл процесс қалай жүзеге асырылады? Республикалық нотариаттық палатасының мүшесі Айгүл МЕРҒАЛИЕВА айтып бермек.

– Айгүл Мұратқызы, отандық нотариустардың кейбір азаматтық істерді қарай алатыны түсінікті. Енді осы туралы тарқатып айтып берсеңіз?  

– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР нотариустеріне Атқару жазбасын жасау құқығы берілді. Атқару жазбасы дегеніміз не? Атқару жазбасы – өндіріп алушыға белгілі бір ақша сомасын немесе жылжымалы мүлікті борышкерден талап етуге арналған нотариустың үкімі. Енді нотариустар атқарушы жазбаны қандай құжаттарға жаза алады? Біріншіден, нотариус куәландырған, екіншіден, жазбаша қолхат шарттарына, коммуналдық қарыз талаптарына, кепіл, жалға алған шарт талаптарына, еңбекақасы төленбеген талабына, лизинг талабына, ломбард кепілшарттарына атқарушы жазба жасайды. Атқару жазбасы қай уақытта жазылады? Егер де ол даусыз талап болса, 2-3 жыл мерзімнен аспаса және сотта дау болмаған жағдайда нотариус атқару жазбасын жасай алады.

– Нотариустерге не үшін осындай уәкілдік берілді?  

– Бүгінгі күнде сот айрықша басқа форма іздеуде. Соның ішінде нотариустер даусыз істерді жүзеге асыра алады. Сондықтан бұл заңның басты мақсаты – сот жүктемелерін төмендету. Соның арқасында нотариустерге осындай құқық беріліп отыр. 3 жылдан бері пилоттық жоба ретінде Атқару жазбасы жасалып келді. 2016 жылы ел бойынша небәрі 1 мың атқару жазбасы жасалса, 2017 жылы 25 мың атқару жазбасы жасалды. Ал 2018 жылы 250 мың атқару жазба жасалды. Бұл нотариус арқылы атқару жазбасын жасаудың ыңғайлы екенін дәлелдеді. Сондықтан бұл міндеттеме нотариустерге жүктелді.  

– Сіздің ойыңызша, бұл жаңашылдық аталмыш мамандардың жұмысына қаншалықты ыңғайлы болады? Қызметтерінде артық жүктеме пайда болмай ма? Халыққа қандай пайда бар?  

– Айта кетерім, бұл өте қолжетімді, қолайлы процесс. Сотқа барудың қандай қиын екенін әр адам біледі. Нотариус қолжетімді әрі қасыңыздан-ақ табылады. Бұл еңбек ақылы, яғни нотариуске ақша төлейсіздер. Бірақ сотқа жүгінумен салыстырғанда, азаматтар нотариустерге едәуір арзан төлейді. Кез келген нотариуске талап етуші борышкерден қай қаладан болса да қарызын өндіріп ала алады. Сондықтан бұл әдіс өте ыңғайлы әрі тиімді болып отыр.

– Айгүл Мұратқызы, жауабыңызға рақм

ет!

Нұржан Сәдірбай, Астана


Теги: нотариус