Алматының Әуезов ауданында «Бюждетке қатысу» бағдарламасы аясында 22 жоба іске асты. Ал 90-ға жуық үй ауласы күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, қалада қоғамдық орындардың көркеюіне көптеп көңіл бөлініп келеді. Әсіресе ауданда бұрын жабайы аң-құс жайлап, қамыс басқан жерлер жанға жайлы демалыс орындарына айналып жатыр. Бастысы – жергілікті халықтың сұрауы, талап-тілегі жүзеге асуда. Аудан әкімі Сайран Сайфеденов сондай түрленген қоғамдық орындарға кеңінен тоқталып, Almaty.tv тілшісіне арнайы сұхбат берген еді.
– Тұрған жеріміз 1-ші шағынаудан деп аталады. Жалпы, ықшамауданда 5000-ға жуық адам тұрады. Бұл кезінде қараусыз қалған жер болатын. Тұрғындардың күнделікті көтере беретін сауалы болатын. Маскүнем адамдар, ит-құс пен қоқыс көп жиналатын еді. Қазіргі таңда, өзіңіз көріп отырғандай, тұрғындар кешкілік уақытта серуендеп, уақыт өткізуге алаңдар салынған болатын. Түнде де жүруге болады. Үлкен кісілерге физикалық жаттығулар жасауға, жастарға белтемірлер қарастырылған болатын.
«Бюждетке қатысу» бағдарламасы аясында тұрғындар алаңдарды, балалар алаңдарындағы қажетті құрылғыларды өздері таңдайды екен. Бұл жерде де сондай жағдай жасалған ба?
– Міндетті түрде ондай мүмкіндік қарастырылады. Құрылыс басталған кезде немесе өздерінің ұсынысын берген кезде, элементтерді көрсетеді. Соны ескере отырып спорттық нысандарды қарастырамыз.
Бүгінде қалада жолайрықтардың бос жатқан астыңғы аумағын халық игілігіне беру тенденциясы байқалады. Жалпы, бұл идея қайдан пайда болды?
– Қала бойынша жолайрықтардың астындағы алаңдарды пайдалану бірге іске асқан болатын. 2020 жылы Саин және Райымбек көшелерінде жасөспірімдерге арналған осындай алаңдар жасалған. Екінші жоба – Жұбанов және Саин көшесіндегі алаң. Мысалы, тұрғындардан көп наразылық түседі. Скейт жүрген кезде қатты дыбыс шығады да, балалар айқайлайды. Сондықтан осындай жерлерді пайдаланып жатырмыз. Өзіңіз көріп отырғандай, бұл жерде скейт алаңы бар, теннис ойнайтындай және стритболл ойнайтын алаң бар. Жастардың арасында өте жақсы сұранысқа ие. Бұл жердегі ең басты нәрсе – қауіпсіздік. Үстінен де, жанынан да көлік жүріп жатады, сол үшін өздеріңіз көргендей, биік қоршаулар көтердік. Доп шығып немесе балалар жүгіріп кетпейтіндей. Астына граффитиді арнайы салдырдық. Асты қап-қараңғы болып тұрады, жарықтандыру Led дисплейін қойдық.
Келесі жобамыз – қыздарға арналған алаң жасасақ па деген ой бар. Оның бәрін қазір зерттеп, қарастырып, қыздарды тартатын спорттық құралдар мен ойындарды ескеріп жатырмыз.
«Ақсай-1» шағынауданында бұрын аңтарылып көліктер тұратын, адамдардың жүруіне ыңғайсыз болатын. Талай рет тұрғындардан шағым түскен. Бұл жұмыстар қашан басталып, қашан аяқталды?
– Төле би көшесі көлікке толы болатын. Жаяу жүргіншіге Момышұлынан Яссауиға дейін жүру қиын, көліктер қойып тастайды, оған қоса бұл жерде автокөлік бөлшектерін сататын сауда үйінің болуына байланысты осы жерге келіп, көліктерін жөндейтін. Соны ескере отырып, «Бюджетке қатысу» жобасында «Ақсай-1» тұрғындарынан ұсыныс түскен болатын. Сол ұсынысты қарастырып, қазіргі таңда өзіңіз көріп тұрғандай, жалпы осы алаңды жаяу жүргіншіге арнап, ыңғайлы жағдай жасадық. Былтыр өзіміздің «қоғамдық кітапхана» жобасын бастағанбыз. Бірінші кітапхана ұйымдастырған жеріміз әкімдіктің және САЦ театрының алдында. Енді осы жерге де кітапхана ұйымдастырдық. Өте ыңғайлы, қазақша, орысша кітаптарды таңдап оқи алады.
Тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды. Ал көлік жүргізушілер тарапынан наразылық туындап жатқан жоқ па?
– Көлік жүргізушілер тарапынан наразылық не үшін туындайды? Осы шағынаудан автокөліктерінің өзінің белгіленген орны мен автотұрағы бар. Бәрі қарастырылған. Бұл жерге тек сауда үйіне келген қонақтар қояды. Олар таңертең қойып, кешке алып кетеді. Сондықтан соның бәрін ескере отырып, жаяу жүргіншілерге жол салынды.
«Алтын бесік» шағынауданында былтыр қыста тұрғындар шағым түсіріп, жатақхана салдырмаймыз деген еді. Осы жағдай әкімнің араласуымен оңтайлы шешілгенін көріп отырмыз. Қазір бұл жерде қандай жұмыстар жүргізіліп отыр?
– Былтыр 2020 жылдың аяғынан бастап, осы жылдың басына дейін осы жерге байланысты сұрақтар көтерілген болатын. Бұл жердің аумағы 90 сотық. 2 аумаққа бөліп, біріншіден, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, екіншіден, 120 балаға арналған балабақша салу жұмыстарына тапсырма берілген болатын. Тұрғындардың көтерген сұрақтарына байланысты балаларға ойын алаңдарын салу секілді жұмыстарды іске асырып жатырмыз. Бұл жерде бәрі қарастырылған болатын. Футбол, баскетбол ойнайтын алаңдар қарастырылған. Демалыс орындары, шахмат ойнайтын орындықтарын қойып қойдық. Сонымен қатар кішкентай балаларға арналған спорттық алаңдарды аяқтадық. Қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстары өткізіліп жатыр. Ең соңғы жұмысымыз –гидрогазондарды себу және тұрғындармен қараша айының басында, салтанатты түрде ашамыз деген жоспарымыз бар.
Ауданда қоғамдық орындарға байланысты тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ауданымызда «Бюждетке қатысу» бағдарламасы бойынша 22 жоба іске асқан болатын. 90-ға жуық аулада күрделі жұмыстар өткізіліп жатыр. Бұл жұмысты әлі жалғастыратын боламыз. Алдымызда «Бюджетке қатысу-2022» жобасы бар. Оған қазіргі таңда 142-ден астам ұсыныс түскен болатын. Оның бәрін зерттеп, қарастырып, бәрін дауысқа саламыз. Аудан тұрғындары дауыс беріп, жобаны таңдайтын болады. Аудан тұрғындары үшін қолайлы өмір сүретін жағдай жасауға, демалатын орындарды көбейтуге біз міндетті түрде көп көңіл аударып, іске асырамыз деп ойлаймын.