Сапалы зертханасыз салауатты ұлт болу қиын

Қазақпарат
Қазақпарат
Алматыда зертханалық медицина бойынша VII Халықаралық конгресс өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өтіп жатқан зертханалық медицина бойынша VII Халықаралық конгресс еліміздегі зертханалық диагностика саласына тың өзгерістер әкеледі деп сенеді мамандар. Алдағы уақытта осы сала қызметкерлерінің білімі мен білігіне аса назар аударылмақ. Себебі, сапалы зертханасыз салауатты ұлт болу қиын дейді ғалымдар.

Көп елене бермейтін бұл салада тағы қандай өзгерістер орын алмақ? Еліміздегі зертханалық диагностика неліктен ақсап тұр? Біз осы тұста Қазақстан медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының президенті Мұстафа Рысұлынан сұхбат алған болатынбыз.

– Мұстафа Рысұлы, еліміздегі зертханалық диагностика саласы қандай деңгейде?

– Еліміздегі диагностика бүкіл әлеммен салыстырғанда орташа деп айтуға болады. Алайда, біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің деңгейіне әлі жеткен жоқпыз. Жалпы айтқанда, бірінші проблемамыз – ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық. Ауыл тұрғындарының қолы қысқа. Көп зерттеулерге жете алмайды. Ал, қалада оны көбісі жасай алады. Енді соны қалай өзгертеміз деген мәселе бойынша қазір біздің министрлікте, одан кейін Үкімет тарапынан жаңа нұсқаулар шығып жатыр. Біз бұрын үш деңгейлік жүйеде болсақ, соны екі деңгейлі қылмақшы. Екі деңгей дегенде, мысалы ауыл мен қала сияқты немесе емхана мен госпиталь сияқты. Бұл – әлемдік стандартқа жақындау үшін жасалып жатқан шара.

– Ал, зертханалық диагностика саласын дамытуға бағытталған елімізде мемлекеттік бағдарламалар бар ма? Бүгінде мамандардың біліктілігін көтеру үшін және озық диагностика әдістерін енгізуде мемлекеттік тұрғыдан қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Біздің мемлекетте осы егемендік алғалы бері 3-4 бағдарлама болды. Оның барлығының мақсаты – осы зерттеу және емдеудің сапасын көтеру. Қазіргі біздің жұмыс істеп жатқан бағдарламамыз – «Денсаулық» бағдарламасы. Ол жерде бізге мемлекет қандай міндет қойды? Зерттеудің сапасын көтеру керек дейді. Неге? Себебі зерттеусіз емдеу ешқашан сапалы болмайды. Дәрігер диагноз қоя алмайды. Қалада бәрі дамыған: аппараттар бар, кадрлар бар. Ал, ауыл жағдайы қалып бара жатыр ғой. Яғни, бағдарлама осы ауылды көтеру үшін жасалған. Мұндағы бір өзгеріс – шетелде дайындалған кадр емес, барлығын медбикелер істей береді. Сондықтан жаңадан енгізетін біздің зерттеу жүйесі соған бағытталған.

–  Ал, бүгінгі Қазақстанның медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан конгресс халыққа не береді?

– «Конгрестің мақсаты – бүгінгі заманға сай лабораторлық жүйе құру. Мысалы, шетелде лабораториялық медицина деген ұғым бар. Ал, бізде оны клиникалық зерттеу деп келтіреміз. Зерттеу және лабораториялық деген сөздердің арасында айырмашылық бар. Неге? Біздің дайындайтын мамандар – дәрігерлер. Ал, шетелде оның ішінде Ресейде де екі түрлі маман дайындайды. Біреуі – ғылыми маман, екіншісі – жалпы дәрігер. Соны біз зерттеп, ертеңгі күні министрдің алдында айтамыз. Онда осы саладағы кадр дайындығы, оқу бағдарламалары, қызметкерлердің жалақысы, оларды қалай даярлау мәселелері қамтылады.

Екінші мәселе – біз технологиялардан ілгері қалмауымыз керек. Осы тұста қала мен даланы теңестіру керек. Бірақ әлемде оған әлі ешкім жеткен жоқ. Ал, біз соған бара жатырмыз. Мына цифрландырудың ең басты мақсаты сол.

– Мұстафа Рысұлы, уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров