Алматыда баспана бағасы 10-12% дейін арзандауы мүмкін

Алматыда баспана бағасы 10-12% дейін арзандауы мүмкін
Сәуір айында тұрғын үй құны 3 пайызға төмендеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй бағасын тұрақты етіп ұстап тұруға септігін тигізеді. Доллардың тұрақталуы да, сырттан әкелінетін құрылыс материалдарының құнын түсіріп, қазірдің өзінде жылжымайтын мүліктің құнына оң әсер етуде.

Мәселен, биыл сәуір айында Алматыда баспана бағасы 3 пайызға арзандаған. Бірақ, бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы 10-12 пайызға түсуі мүмкін. Тіпті, оңтүстік астанадағы ауа райына байланысты мүліктің құны құбылатыны тағы бар дейді Almaty.tv тілшісіне сұхбат берген Қазақстан риэлторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев.

- Былтыр қыста экономикалық сарапшылар баспана арзандайды деп болжам айтқан еді. Расында да, осы айда Алматыдағы жылжымайтын мүлік құны 3 пайызға төмендеді. Бұған не себеп болды және арзандау одан әрі жалғаса ма?

- Былтыр қыста бәріміз де осы болжамның орындалуын күттік. Неге десеңіз, былтыр көктемде тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. «7-20-25», «Баспана хит» секілді бағдарламалар жүзеге аса бастады. Алматы қаласынна – 25 миллионға дейін, Астана қаласына – 20 миллионға дейін шектеулері болды. Құрылыс компаниялары бұл бағдарламаларға дайындықпен кірісті. Бұрынғыдай құрылыс материалдарын шетелден шарықтаған бағада әкелмейді, шектеулі бағамен өзімізде сатып алады. Содан да болар, үй құны тұрақталды.

Алматыға келушілер саны әлі де көп. 2012 жылы қала аумағы 11 900 гектарға өссе, екі жылдан кейін қалаға тағы 16 200 гектар қосылды. Алматыда 2013 жылы халық саны 1,3 млн адам болатын. қазір 1 млн 850 мың адамға жетіп отыр. Яғни, баспанаға сұраныс әлі де болса жоғары.

Оның үстіне, былтыр жыл соңында доллар күрт өсті, ол да қымбаттауға алып келді. Ал, соңғы үш айда валюта бағамының тұрақталғанын жақсы білесіздер. Нәтижесінде алдағы уақытта баспана бағасы 10-12 пайызға тағы төмендеуі мүмкін.

- Мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты нарыққа өзгеріс әкеліп жатыр? Пәтер жағалайтын жұрттың жағдайы қашан оңалады? Тіпті, мынау ай сайын арендаға берілетін үйлердің ақысы түседі деп айта аласыз ба?

- Мемлекеттік бағдарламалар үй бағасының шарықтап кетпеуіне әсерін тигізіп отыр, талаптарын қойып жатыр. Дегенмен, Астана мен Алматы ірі қалалар, мұнда туристер көп келеді, сондықтан бағаны ұстап тұрамын деп айту қиын. Өйткені, сұраныс үлкен. Оның үстіне, валюта бағамының секіруі, құрылыс материалдарының қымбаттауы да баспана құнына тікелей әсер етеді. Ал, аймақтарда үй алу әлдеқайда жеңілірек болады деп ойлаймын.

- Қазір үй алушылардың көбі ақысын не бөліп төлейді, не несие рәсімдейді. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?

- Қазір сатып алушыларға төлемнің сан-алуан түрі ұсынылған. Бірақ, олардың көбі ипотекадан гөрі бөліп төлеуді көбірек таңдайды. Өйткені, пайызы жоқ, артық төлем жасамайды. Мерзімі де аз.

Жалпы, соңғы 5 жылда Алматының аумағы 23 900 гектарға өсті, Қарасай ауданының 16 мың гектары қала аумағына еніп отыр. Қаншама үй салынды және салынып жатыр. Яғни, халықта ақша жоқ, жағдайы ауыр деп айта алмаймын. Астана мен Ақтөбеде де дәл солай. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет.

Новости партнеров