Бұл туралы арнамызға эксклюзивті сұхбат берген Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді
Қазақстанда атом электр стансасы жетекші 5 мемлекеттің технологиясымен салынбақ. Бұл туралы арнамызға эксклюзивті сұхбат берген Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министрдің сөзінше қазір бекет салынатын учаскеде тектоникалық зерттеулер мен кадрларды дайындау жұмыстары жүріп жатыр екен. Бұдан бөлек ведомство басшысы электр бағасын өсіруге мәжбүр болып отырғанын да жасырмады.
Бірер күн бұрын «Алматыда электр бағасы 200-300 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін» деген ақпарат тараған. Бірақ мұны Энергетика министрі Болат Ақшолақов жоққа шығарып, негізсіз деп атады. Дегенмен электр энергиясының аздап өсетінін жасырмады. Оның құны қанша болатыны әзірге белгісіз. Министрлік жуырда тоқ өндіруші компаниялар үшін шекті бағаны белгілейтін жобасын таныстырмақ. Ол 1 шілдеде бекітіледі. Тарифтердің көтерілуіне көмірдің өзіндік құны мен оны тасымалдау бағасы өскендігі себеп болса керек.
«Электр энергиясының бағасы алдағы жарты жылда немесе бір жылда қымбаттауы мүмкін. Бағаның көтерілуіне әсер етіп отырған тағы бір фактор ол жұмысшылардың жалақысын көбейту. Қызметкерлердің айлықтарын көтермесек кадрдан айырыламыз. Бағалар компаниялардың табысының артуына байланысты өсіп жатқан жоқ», – деді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Биылдан бастап майнингтік фермалар 1 киловаттқа 1 теңге салық төлеуге міндетеледі. Бірақ бұл тариф өсуі де мүмкін. Бір анығы, майнингтік фермалар үшін электр шектеледі. Ведомство өкілі біріншіден, майнингпен айланыстан тұлғалар міндетті түрде лицензия алуы керек дейді. Бұған қатысты заң жобасы Мәжіліске жіберіліпті.
«Екіншіден, егер тапшылық болатын болса бұлар жұмыс істей алмайды деген сөз бар. Үшіншіден, бүкіл құрылғысын алып келген компаниялар олар уақытша емес, өз жеке меншігін алып, салық төлеп қондыратын болса сол кезде ағана таза майнинг деп есептеуге болады», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Сондай-ақ министр газ бағасы да тұрғындардың сұранысына байланысты көтеріліп отыр дейді. Елді газбен қамту жыл соңына дейін 58 пайызға жетеді екен. Алматыдағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2 көгілдір отынға көшіру де сұранысты едәуір арттырмақ.
«Сондықтан егер біз газды экспорттауды толық алып тастасақ, онда бағаларға жеңілдік жасап, ұстап отыра алмаймыз. Халыққа зияны тимес үшін арнайы сараланған баға белгілеуге тура келеді. Яғни тұтынушылардың жеке тобына арнайы құн енгізу қажет болады», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан үшін келешегі зор жоба деген министр көмір, газ сияқты энергия көздері елді толық электрмен қамтуға аздық ететінін айтады. Оның үстіне экология мәселесі өзекті. Болат Ақшолақов атом электр стансасының құрылысы Балқаш көлінің аумағы деп таңдалғанын мәлімдеді. Қазір мамандар көлдің маңайын зерттеуға кірісіпті. Ал нысанның құрылыс технологиясы келесі жылы әзірленбек.
«Біз қазір қандай технологияны қолданатынымызды шешуіміз керек. Тізімге енген 5 елді таңдап отырмыз. Технологиясы 3+ буындағы ең дамыған Франция, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай мен Жапония елдерінің әдістері қаралады», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.