Электр энергиясы тарифінің өсу себебі неде

06.05.2023 01:24

Өзгеріс 1 маусымнан бастап күшіне енбек

elements.envato.com

Елімізде жазға қарай энергия өндіруші компанияларда шекті тариф өседі. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Ақпарларынша, бұл өзгеріс алдағы 1 маусымнан бастап күшіне енбек. Сонымен, тариф құны қаншаға өседі? Қай өңірлерде баға бұрынғы дейгейде сақталып қалмақ? Бұл сұрақтарға "Алматы" телеарнасының студия қонағы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаментінің бас сарапшысы Берден Оспанов жауап берді.

– Қайырлы кеш, Берден Ерболұлы! Электр энергиясы тарифінің өсуіне не себеп болып отыр?

– Жалпы 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген. 20 энергия өндіруші ұйым үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталатын болады. Жалпы алғанда, шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде станция қызметкерлерінің жалақы деңгейін тиісті өңірлер бойынша орташа деңгейге дейін арттыру үшін жұмыс жүргізуде. Шекті тариф жобасында өндірістік персоналдың жалақысының ұлғаюы да ескеріледі. Бұл энергетикалық кәсіпорындардан экономиканың аралас салаларына жоғары білікті мамандардың кетуін тоқтатуға бағытталған.

– Қазір республика бойынша ЖЭО-ның тозуы қай дейгейде? Өзіңіз білесіз, биылғы қыста бірнеше өңірде апат болды. Сол өңірдегі кемшілікті жою үшін қандай жұмыс атқарылады?

– Қазіргі уақытта Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуаттарының тозуы шамамен 58%-ды құрайды, бұл ретте бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жақындайды. Атап өтсек, бұл Степногор ЖЭО – 82%, Риддер ЖЭО – 75%, Орал ЖЭО – 86%. Бұның себебі жөндеу жұмыстары ЖЭО сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде емес, тек тарифте көзделген көлемде ғана жүргізілетініне байланысты.