Қазақшаға аударылған әлемнің 30 үздік оқулығы еліміздегі 130 ЖОО-ға таратылады

Қазақшаға аударылған әлемнің 30 үздік оқулығы еліміздегі 130 ЖОО-ға таратылады
1 қыркүйектен бастап студенттер осы оқулықтар бойынша білім ала бастайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі айда Қазақстандағы 130 жоғарғы оқу орны әлемнің 30 үздік оқулығымен толықпақ. Бұл жөнінде Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры айтып берді. Аталған 30 кітап – «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша ана тілімізге тәржімаланып жатқан туындылардың жалғасы. Екі жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік тілге шетелдік үздік шығармаларды аударған ұйым мұнымен шектелмейді.  Алдағы жоспар туралы Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының өзінен сұраған болатынбыз.

– Рауан Кенжеханұлы, «100 кітап» жобасы қалай жүріп жатыр? Қанша кітап аударылды?

– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталатын жоба – елімізде іске асып жатқан «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бір бөлігі. Бүгінде бағдарламаның іске қосылғана 2 жыл уақыт өтті. Осы уақыт ішінде 48 оқулық қазақшаға аударылды. Соның алғашқы 18-і былтыр басылып, көпшілікке таныстырылды, оқу орындарына таратылды. Ал қалған 30 оқулық кеше ғана баспаханадан басылып шықты. Келесі аптадан бастап бұл оқулықтардың барлығы бізге берілген тізім бойынша еліміздің 130 ЖОО-на таратыла бастайды.

– Демек, жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі студенттер түгелдей дерлік жаңа бағдарламамен оқиды ғой?

– Шілде айының басында еліміздің 130 оқу орны өздеріндегі студенттердің санына, оқыту бағытына қарай оқулықтарды қабылдай бастайды. Жаңа оқу жылына дейін оқытушылар, кафедралар өз бағыты бойынша осы оқулықтарды пайдалана отырып, оның мазмұнын, оқыту бағдарламасын енгізуге арналған жұмыстар жүргізеді. Сөйтіп, 1 қыркүйектен бастап сабаққа келген студенттер осы оқулықтар қамтыған жаңа бағдарлама бойынша білім ала бастайды.

– 48 кітаптың авторлары кім? Қай салаға бағытталған?

– Жобаның аты – «Жаңа гуманитарлық білім». Сондықтан бұл оқулықтардың барлығы гуманитарлық бағытта. «Рухани Жаңғыру» мақаласында аталған тарих, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тіл білімі сынды бағыттар қамтылған. Дегенмен, қазір экономика, кәсіпкерлік секілді ғылымдар да аса маңызды. Бұлар гуманитарлық білімнің бір бөлігі ретінде аталады. Биыл аударылып, басылып шыққандардың ішінде Филипп Кутлер деген маркетинг білімінің негізін қалаушы бар. Оның «Маркетинг принциптері» деген оқулығы ағылшын тілінде осымен 17 мәрте басылып шығып отыр. Сол 17-ші басылымын біз қазақ тіліне аудардық. Автор өзі алғыс сөз жазып берді.

Одан бөлек, «Өнер тарихы» аударылып бітті. Британдық Эрнст Гомрих деген өнертанушының бұл туындысының алғашқы басылымы өткен ғасырдың елуінші жылдары шығып, одан бері 16 рет басылып, әлемнің 16 тіліне 8 миллион данамен таралған.

Сұранысқа ие еңбектердің тағы бірі – «Тарих. Панорама» деген екі томдық оқу құралы. Мамандар бізге «неге шетелдіктерді аударамыз, неге өзіміздікін баспаймыз» дейді. Ол да өте маңызды. Бірақ сырттағы 10-15-20 рет басылған оқулық – бұл қазіргі замандағы оқулық жасаудың шыңы.  Қазір адамзат оқулық деген кезде нені елестеді? Оқулықтың технологиясы қандай? Әдістемесі ше? Құрылымы ше? Мәтіні? Осы сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, осы оқулықтарды қарау керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Новости партнеров