COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасап шығарамыз – Ұлттық биотехнология орталығы

18.04.2020 03:19

Вакцина жасау деген бұл өте көп сатылы, өте күрделі жұмыс

Almaty.tv

Жер бетінде коронавирусқа қарсы препарат немесе вакцина әлі табылған жоқ. Десе де әлем елдері, соның ішінде біздің отандық ғалымдар жаңа вирусты зерттеп, зерделеп жатыр. COVID-19 инфекциясын жеңу үшін мамандар қандай шаралар жасап жатыр, індеттің басқа инфекциялардан қандай айырмашылығы бар? Бұл туралы толық ақпарат алу үшін  Ұлттық биотехнология орталығының бас директорының орынбасары Қасым Мұқанов мырзамен Almaty.tv тікелей эфиріне  байланысқа шығып отырмыз.

–  Кеш жарық, Қасым Қасенұлы! Коронавирус инфекциясының басқа вирустардан қандай айырмашылығы бар? Шын мәнінде қауіпті вирус па? Әлеуметтік желілерде COVID-19 қолдан жасалған деген пікірлер айтылады. Бұған не дейсіз?

– Коронавирустың басқа вирустардан айырмашылығы бар. Әр вирустың өзінің биологиялық қасиеті ерекше болады. Мысалы, қазіргі таңда осы коронавирус топтасына 30 вирус жатады. Ол вирустар осыдан 30-40 жыл бұрын ашылған вирустар. Әр вирустың өзінің қасиеті бар. Қазіргі мынау COVID-19 вирустың қасиеті бұл әлемге тез таралуы. Коронавирус қолдан жасалған деген пікірлер бар екенін естіп жатырмыз. Бірақ ол шындыққа жатпайтынын дәлелдеп отырмыз. Өйткені бұл тек қана табиғи жағдайда жабайы жануарлардың арасында бір-бірімен араласып, тасымалдаушы фактор деген болады, сонда осы қасиеттерін вирус болсын, бактерия болсын, өсімдік болсын, жануарлар болсын бір қасиеттерін өзгертіп отырады. Мынау сол қолайсыз жағдайда сол өзгерткен қасиеттері. Сондықтан бұл әлгі қолдан жасалған деген дәлелге біз келіспейміз.  

– Өз тараптарыңыздан осы коронавирусқа қарсы қандай жұмыс жүргізіп жатырсыздар? Қанша уақытта вакцина ойлап табуға болады? Отандық ғалымдар қол қусырып отырмаған шығар?

– Қаңтар айының аяғында осы Қытайда коронавирус пайда болғаннан кейін біздің Ұлттық биотехнология орталығы жиналып бір аптаның ішінде осында күні-түні біздің ғалымдар қызмет жасап, жұмыс жасап біз алты күннің ішінде коронавирусты анықтайтын полимераздық тізбектік реакция негізінде тест-жүйесін жасадық. Ол біздің Қазақстанда, осы жақын елдерде бірінші жасалған тест-жүйесі. Алғашқы 250 науқас осы ауруды жұқтырған деген қаупі бар науқастар осы біздің тест-жүйесімен тексерілді. Артынан осы үлгілерді Қытайдан келген, Ресейден келген тест-жүйесімен салыстырғанда нәтижесі бәрі бірдей болып шықты. Яғни біздің тест-жүйе өзінің сезімталдығымен, тиімділігімен шетелдегі тест-жүйеден ешқандай кемшілігі жоқ екенін байқатты. Қазіргі уақытта біз Денаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен 6000 тест-жүйені дайындауға кірісіп кеттік. Сонымен қатар, қазір осы коронавирусқа қарсы вакцина дайындау жұмыстарына кірісіп кетті. Жоспар бойынша біз төрт кандидаттық вакцинаны жасап шығарамыз. Оның ішінде ең пайдалысын, ең тиімдісін клиникалық зерттеуге екі жылдан кейін біз тапсырыс береміз деп отырмыз. Вакцина жасау деген бұл өте көп сатылы, өте күрделі жұмыс. Оған көп ғалымдар қатысады, шетелдік ғалымдар, отандық ғалымдар қатысады. Осы екі жылдың ішінде вакцинаны біз клиникалық сынақтарға тапсырамыз деген үмітіміз бар. Барлық күш-жігерімізді осы жұмыстарға саламыз.

– Тұшымды ақпаратыңызға рахмет! Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!