Қазақстанда жыл сайын 10-12 бүлдіршін бүйрек және бауыр ауыстыруға мұқтаж болады екен. Отандық дәрігерлер мұндай хирургиялық көмекті жасауға қауқарлы екендіктерін, әйтсе де, балаларға дер кезінде көмектесуге кедергі келтіретін біршама қиындықтар барын айтады. Ол қандай қиындықтар? Бұл сұраққа елордадағы «Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы» директорының клиникалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Венера Алтынова жауап берді.
– Венера Ханапиқызы, бүгінгі таңда Қазақстанда қанша бала трансплантологияға мұқтаж? Олардың көбісі қандай дертке шалдыққандар?
– Қазақстанда тек бауыр мен бүйрек ауыстырылады. Жүрек те ауыстырылады, бірақ әзірге ересектердікі ғана. Өкінішке қарай, баланың жүрегіне тиісе алмаймыз. Өйткені заңда шектеу қойылған.
Қазақстанда алғаш рет баланың бүйрегін ауыстыру операциясы 1997 жылы Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалды. Содан 2012 жылға дейін 51 баланың бүйрегі ауыстырылды. Ал 2012 жылы бала өлімі көбейген соң, Ана мен бала орталығында арнайы трансплантация бағдарламасын бастадық. Бүгінде бізде 51 бала кезекте тұр. Олар бүйрекке өте мұқтаж. Сондай-ақ, 20 бала бауырға мұқтаж. Бір өкініштісі, биыл 55 ота жасасақ, былтыр 61 болған. Жылда ота көбейтеміз дейміз, бірақ ол статистиканы азайта алмай отыр. Жылда 12-14 бала қосылады.
– Квтота жайы қалай? Өзімізде емдеуге бола ма?
– 2012 жылға дейін біз трансплантация қажет адамдарды мемлекеттік квотамен шетелге жіберетін едік. Үкімет арнайы ақша бөлетін. Ал, осы әдіс енгелі жеті жылдан бері біз бүйрек, бауыр ауыстыру бойынша ешкімді шетелге жібермейміз. Олардың барлығына да шамамыз жетеді.
– Ағза ауыстыру ісінде қандай қиындықтар бар?
– Дүниежүзінде бір ғана қиыншылық бар, ол – ағза жетіспеушілігі. Біз алты жылда 77 балаға бүйрек аустырдық. 77-нің 50-іне анасы мен әкесі донор болды. 27 балаға қайтыс болған адамдардың ағзасын салдық. Егер осылай 6 жылда 50 адамдың бүйрегін ала берсек, онда қанша адам бір бүйрексіз қалады? Сондықтан біз ондайға жеткізбеу үшін дүние салған адамдардың ағзасын салатын әдісті көбейтуіміз керек. Алайда, қайтыс болғандардың туыстарының арасында ағзасын алуға рұқсат беретіндер өте аз.
– Венера Ханапиқызы, сұқбатыңызға рақмет! Ісіңізге береке берсін!
Нұржан Сәдірбай, "Алматы" телеарнасы