Мешітте жамағатпен бес уақыт намаз, жұма намазы оқылмайды
Ертеңнен бастап Алматыдағы мешіттер жұмыс істей бастайды. Алайда Алла үйінде санитарлық талаптар толығымен сақталуы тиіс. Мешітте жамағатпен бес уақыт намаз, жұма намазы оқылмайды. Бұдан да өзге сұрақтардың жауабын алу мақсатында Almaty.tv тікелей эфиріне Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай шығып отыр.
– Еркінбек мырза, қаладағы мешіттер санитарлық-дезинфекциялау режимінің талаптарына қаншалықты дайын?
– Әрине, қазір Алматы қаласының бас санитар дәрігері Бекшин мырзаның бұйырығымен 32-қаулысы шықты. Сол бойынша қаладағы барлық мешіттер 30 мамырдан бастап жұмыстарын бірте-бірте бастайды. Қайтадан қызметті жалғастырады. Біздің мешіттерімізді ашудан бұрын СЭС-тің қызметкерлері, сонымен қатар, штабтың өкілдері барлық санитарлық-дезинфекциялық нормаларға, талаптарға сәйкестігін тексерді. Қазір мешіттеріміздің барлығында антисептикалық құралдар қойылған. Бүкіл нормалардың барлығы да сақталған. Сонымен қатар, біз демеушілердің көмегімен әрбір мешітке жеке дезинфекциялайтын, яғни залалсыздандыратын аппараттарды, формалар мен сұйықтықтармен тараттық. Әрбір мешіт қамтамасыз етілді. Қосымша барлық қызметкерлерге резерв маскалар және қолғаптар таратылды. Алматы қаласының мешіттері карантин жағдайында қызметін қайта бастауға толығымен дайын деп айта аламыз.
– Мешітке келушілер нені ескеруі керек? Осыны айта кетсеңіз.
– Бұл берілген рұқсат барша мешіттердегі шараларға емес, қазір карантин режимі. Әлі толық алынған жоқ. Сондықтан біз карантин режимін сақтау мақсатында санитарлық нормаларды сақтау мақсатында қазір жамағат намаздарын өткізбейміз. Жұма намаздары әзірге жүргізілмейді. Жамағаттарымыз өзінің жеке құлшылығын жасауға және құран оқытып, имамдарымызға бата жасатуға, сонымен қатар, неке қидыруға келсе болады. Келетін кісілердің барлығы да маскамен келуі керек. Сонымен қатар, біздің мешіттеріміздің кіреберістеріне қойылған антисептикалық сұйықтықтармен қолдарын тазартып, санитарлық нормалардың барлығын сақтап кіруі қажет. Ішке кіріп жеке құлшылығын орындайтын кісілердің арақашықтығы кемінде 1,5 метр болуы керек. Оның барлығын біз реттеу мақсатында арнайы намаз оқитын орындарға белгілерді орналастырдық.
– Жауабыңызға көп рахмет! Естеріңізге салсақ студиямен тікелей байланыста болған Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мырза болатын.