АҚШ валютасы күн санап қымбаттап барады. Бүгінгі сауда бойынша ақша айырбастау пунктерінде доллар 408 теңгеден сатылып жатыр. Мамандар мұны әлемдік мұнай бағасының күрт арзандауымен байланыстырып отыр. Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген болатын. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді. Қазір осы тақырыпты талқылау үшін бізбен тікелей байланысқа экономист Меруерт Махмұтова шығып отыр.
- Меруерт ханым, қайырлы кеш! Жалпы доллардың күн санап өсуіне әсер етуші негізгі фактор не дер едіңіз?
- Кеш жарық! Ең біріншіден, бүгінгі таңда экономикамызға әсер еткен халықаралық мұнай нарығы. Мұнайдың өндірісіне сұраныс төмендеп жатыр. Ол Қытайдың экономикалық жағдайына байланысты, сондықтан Опек 2016 жылы мұнай өндіруін шектеуін жалғастырайық деп қол қойылған келісім шарттан Ресей билігі бас тартты. Онымен бірге Қазақстан үкіметі де оған қосылды. Сондықтан Сауд Арабиясы 8 наурызда мұнайды біз дисконтпен сатамыз деп, АҚШ-қа 1 баррелін - 7 долларға, Европаға 1 баррелін - 8 долларға, Азияға 1 барреліне - 6 доллар дегендіктен, нарық бір күнде 30 пайызға құлдырап кетті. Мұнайдың бағасы 31 доллар баррель үшін.
- Ал, жалпы доллардың бағасы қаншаға дейін көтерілуі мүмкін сіздіңше?
- Нақты доллар 450-ге, 500 теңгеге барады деп айта алмаймыз. Себебі оған қазір болжам жасау мүмкін емес. Біздің теңгеміздің ақуалы сол халықаралық мұнай нарығына байланысты болады.