1 ақпанда қандай сайттардың жұмысы бұғатталады – маман жауабы

29.01.2019 00:00

1 ақпанда домендік атау жүйесін жаңартпаған 10 мыңнан артық қазақстандық сайттың жұмысы баяуламақ. Оның ішінде, нақты 3 мыңнан артығының қызметі бұғатталады. Ғаламтордағы кедергілер жайын отандық Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары мәлімдеді. Біз мән-жайды Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Салтанат ӘУБӘКІРОВА сұрап-білген едік.

– Салтанат ханым, сайттың бұғатталуының басты себебін түсіндіріп беріңізші? Не себепті дұрыс істеп келген сайттардың жұмысы аяқ астынан нашарлайды?  

– Қазіргі заманда бізде ғаламторда ЕДНС хаттамасына сәйкес емес жұмыс істейтін DNS-серверлер бар. 1 ақпаннан бастап ол сайттар мүлдем қолжетімсіз болуы мүмкін немесе олардың жұмысында кейбір ақаулықтар пайда болуы мүмкін. Ол көбінесе өз сайттарына DNS -серверлерін қолданатын қолданушыларға әсер етуі мүмкін. Немесе ДНС-пен жұмыс істейтін ақпараттық жадынаманы уықтылы жаңартпаған мемлекеттік мекеме жұмысына әсер етуі ықтимал.

– «DNS Flag Day» деген ұғым нені білдіреді? Осы құбылыс жайлы толыққанды айтып берсеңіз?  

– DNS Flag Day – бір күндік оқиға. Ол осы 1 ақпан күні орын алады. Осы уақытта жалпы, бүкіләлемдік ғаламтор тек қана ЕДНС хаттамасымен жұмыс істейтін ДНС серверлерге ғана жауап қайтара алады. Яғни егер сіздің сайтыңыз соған сәйкес емес болса, осы хаттаманы қолдамаса немесе ДНС-пен жұмыс істейтін ақпартты уақтылы жаңартпасаңыз, сіздің сайтыңыз мүлдем ашылмауы мүмкін. Сондай-ақ, оның жұмысында кейбір ақаулар пайда болады. Оны тексеру үшін осы DNS Flag Day.net деген сайтқа өтуге болады.

– Сайт дұрыс жұмыс істеуі үшін қандай шара қолдану керек? Қандай кеңес бересіздер?

– Жаңа ғана айтқанымдай, DNS Flag Day.net деген сайтқа кіріп көрсе болады. Әр сайт иесі өзінің доменін енгізеді. Ол жерде бір-ақ жол бар. Оған үш түрлі жауап қайтарылады. Егер сізде жасыл түрде белгі шықса, демек сіздің сайтыңызда барлығы дұрыс. Ол барлығына қолжетімді болады. Егер сізде сары немес қызыл белгі шықса, сіз өзіңіздің сайтыңызда ДНС серверлерінде жұмыс істейтін ақпараттық қамтаманы қайта қарап шығу керексіз. Жалпы, бұл сайтта қосымша техникалық нұсқаулықтар бар. Қолданушылар солармен де таныса алады.  

– Жауабыңызға көп рақмет.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана