Ауылдық квотамен білім алған жастар бюджет шығынын қайтаруы тиіс – сұхбат

16.02.2019 02:30

Жоғары оқу орындарын ауылдық квота бойынша бітірген түлектер мемлекетке 1 млрд 280 млн теңге қарыз

Қалада білім алып, бірақ кейіннен өзінің туған ауылына барып қызмет етпеген жастар енді мемлекетке миллиардтаған сома қарыз. Анығын айтсақ, жоғарғы оқу орындарын ауылдық квота бойынша тәмәмдаған түлектердің мойынында мемлекетке 1 миллиард 280 миллион теңге берешегі бар. Мұндай мәліметті түлектердің жұмыспен қамтылуына мониторинг жүргізетін «Қаржы орталығы» ұйымы таратты.  2012 мен 2017 жылдар аралығында өткен соттар нәтижесінде 877 сот актісі «Қаржы орталығының» пайдасына шыққан. Осы мәселені толығырақ түсіндіріп беру үшін, дәл қазір аталған орталықтың менеджері Ақзира СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ студиямен тікелей байланысқа шығып отыр.

– Ақзира Серікқалиқызы, бұқаралық ақпарат құралдарында ауылдық квота бойынша білім алған қазақстандық студенттердің мемлекетке миллиардтаған сома берешегі бар деген ақпарат жүр. Бұл қаншалықты рас? Түлектер неліктен мемлекетке мұндай қомақты қаражат қарыз болып отыр?

– Иә, расында солай. Бүгінгі таңда 2008 жылдан бастап педагогикалық, медициналық мамандықтар және 2012 жылдан бастап ветеринарлық мамандықтар бойынша оқыған ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар мемлекеттік білім мекемелерінде, денсаулық сақтау мекемелерінде және ветеринарлық ұйымдарда, ауылдық елдімекендерде орналасқан мекемелерде жұмыс істеуге тиісті. Заң бойынша ағымдағы жылы оқу бітіргеннен кейін, 1 қыркүйектен бастап өзінің жолдамасы бойынша жұмыс орнына баруға тиісті. Алайда, жұмыс орнына бармай немесе басқа жұмыс орындарында жұмыс істеп жүрген азаматтар баршылық.

– Ауылдық аймақтарда жұмыс істеуден бас тартқан жастарға қандай шара қолданылады? Олар ақшаны қалай қайтарады?

– Негізінде, ол студенттің барлығы бірдей жұмыс орнынан жалтарып жүрген жоқ. Істеп жатқан студенттер де бар. Бірақ олар аз ғана бөлігі. Бұл азаматтардың енді кішкене заңды білмеуі және өздерінің патриоттық сезімдерінің оянбағандығынан, өздерінің ауылдарына жұмыс істеуге бармауы деп түсінеміз. Орталықтан жіберілетін талап-арыз әрбір студенттің тіркелген елдімекендегі үйіне хабарламалар жеткізіледі. Сол хабарламаны алғаннан кейін 10 жұмыс күнінің ішінде әр студент өзінің жұмыс орнының өзгеруін бізге айтуы керек немесе осы аралықта жұмысқа орналасуына біз ықпал ете аламыз. Егер студент осы шараларды орындамаса, қосымша ары қарай заң департаментіне тапсырылып, талап-арыз арқылы сол студенттерден сот арқылы қаржыны өндіру жұмыстары жүргізіледі. Сот арқылы өндірілген жағдайда негізгі сомаға мемлекеттік баж салығы да қосылады.  

– Ауылдық квота арқылы оқытудың бағдарламасы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– Негізінде, Білім туралы заңның 47-бабының 17-тармағы негізінде және Үкімет қаулысының №390 қаулысы негізінде жас мамандарды жұмысқа жіберу ережесі көзделген. Бұл санаттарға педагогтық, медициналық және ветеринарлық азаматтар енгізілген және міндетті еңбек өтеуі ауылдық елдімекен білім саласындағы, денсаулық сақтау және ветеринарлық ұйымдарда өтелуі тиісті. Бүгінгі таңда жаңағы жоғарыда аталып өткендей, жоғарғы оқу орнында әрбір жоғарғы оқу орнында комиссия құрылады. Бұл комиссия өз құзыретінде жас мамандарды басқа жұмыс орнына ауыстыру немесе заңда көрсетілген міндеттерден босату шараларын жоғарғы оқу орны жүргізеді. Ал қаржы орталығы өз құзыретінде бұл жас мамандардың міндетін орындауын және орындамаған жағдайда бюджет шығындарын қайтару жұмыстарын жүргізеді.

– Ақзира Серікқалиқызы, жауабыңызға рахмет!

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы