Қаңтар айынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, әкімдікке кезекке тұрып, ай сайын депозитке салым салудың қажеті жоқ
Енді «7-20-25» бағдарламасының қатысушылары «Нұрлы жер» бойынша баспана алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін бағдарлама бойынша үйлер әкімдіктер мен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшылары арасында бөлініп келген еді. Қаңтар айынан бастап енгізілген өзгерістер бойынша әкімдікке кезекке тұрып, ай сайын депозитке салым салудың қажеті жоқ екен. Қажет пәтеріңізді таңдап, «7-20-25» бағдарламасына қатысатын банктердің біріне тұрғын үй құнының 20 пайызын төлеу жеткілікті. Осыған байланысты толық ақпаратты «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы сыртқы байланыстар қызметі жетекшісінің орынбасары Айбар ОЛЖАЕВТАН сұрап көрген едік.
– Айбар Қайнарұлы, «7-20-25» бағдарламасына енгізілген өзгерістердің негізгі басымдықтары мен ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.
– Өздеріңіз білесіздер, «7-20-25» бағдарламасы Қазақстан аумағындағы ең тиімді бағдарламалардың бірі болып табылады. Халық тарапынан бағдарламаға сұраныс көп. Бірақ «7-20-25» бағдарламасы тек бастапқы тұрғын үйлерге ғана несие беретіндіктен, аймақтарда осы бағдарламаға арналған тұрғын үйлердің жетіспеушілігі бар. Ол рас. Сондықтан біз өз тарапымыздан мемлекеттік тұрғын үйлерді салатын «Нұрлы жер» бағдарламасының аясына осы бағдарламаға қатысу мүмкіндігін «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына да беру туралы ұсыныс айтқан болатынбыз. Тиісті орган, яғни Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың басында біздің ұсынысымызды ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясындағы салынған пәтерлерді үлестіру тәртібіне өзгерістер енгізді. Ол өзгерістер қаңтар айынан бері жүзеге аса бастады. Соған байланысты, енді «Нұрлы жер» арқылы салынған мемлекеттік қолжетімді үйлерге «7-20-25» қатысушылары да, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшылары да, әкімдікте кезекте тұрған адамдар да үш тараптан бірдей қатыса алады. Сондықтан бұл шара өз тарапынан қолжетімді тұрғын үйдің жетіспеушілігін азайтуға сәл де болса септігін тигізуі керек. Сонымен бірге, аймақтарда осы «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға үлкен серпін береді.
– Осы өзгерістерден кейін кезекте тұрған азаматтар үшін пәтерлердің жетіспеушілігі байқалмай ма?
– Жоқ, бұған дейін де салынып біткен мемлекеттік тұрғын үй тек қана әкімдіктің меншігіне өткізілмейтін. Ол екіге бөлінетін: «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары мен әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға. Қазір де ол пропорция қатты өзгереді деп айта алмаймын. Сондықтан әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға жетіспеушілік болмауы керек. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасына Қазақстан аумағында биыл біздің есебімізше, 16 мың пәтер қажет. Сондықтан «Нұрлы жердің» ішіне енуі осы бір қажеттілікті сәл де болса өтеуі мүмкін. Қалғандарын, әрине, коммерциялық құрылымдар, құрылыс компаниялары есебінен біз толтырамыз деп ойлаймыз. Сондықтан әкімдікте кезекте тұрған азаматтар үшін жетіспеушілік сезілмеуі керек.
– Түсінікті. Енді осы өзгерістерді ескере келе, баспана алуға мүмкіндік беретін екі бағдарламаның қосылуы мүмкін бе?
– Жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы ең алдымен, инфрақұрылымдық құрылыс бағдарламасы. Бағдарлама аясында құрылыс салынады, құрылыс саласы жандандырылады. Және барлық аймақтарда тұрғын үй фонды артады. Ол құрылыс бағдарламасы өте кешенді мемлекеттік бағдарлама. Кем дегенде, өзінің 4 саласы бар. Ал «7-20-25» бағдарламасы ең алдымен, мемлекеттік бағдарлама емес, ипотекалық бағдарлама. Бұл тек қаржылық бағдарлама болғандықтан, ешқандай құрылысқа қатысы жоқ. Тек азаматтарға жеңіл пайызбен несие беру арқылы мүмкіндігінше азаматтардың үйлі болуын қарастыратын бағдарлама. Сондықтан екеуінің бағыты макроэкономикалық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да мақсаты бір болғанымен, жолы екі түрлі. Сондықтан екі бағдарламаның бірігетіндей еш негізі жоқ. Екі бағдарламаның операторлары да екі түрлі орган. «7-20-25» бағдаламасын Ұлттық банк жүзеге асырады, ал «Нұрлы жер» бағдарламасын Үкімет жүзеге асырады.
– Айбар Қайнарұлы, ақпаратыңызға рахмет!
Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы