Алматыда 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық бизнес нысаны карантин талаптарын бұзған. Нәтижесінде 40 мекеменің жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы қалада коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия жанындағы мониторингтік топтардың үйлестірушісі Рауан Есіркенов мәлімдеді. Тек 13 наурызда жасалған түнгі рейд жұмыстарының нәтижесінде 46 жағдай анықталып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Қазір әр ауданда 4 топтан барлығы 32 мобильді мониторингтік топ белсенді жұмыс істеп жатыр. Тек, наурыздың 13-нен 14-не қараған түні белгіленген шектеулерді бұзған 46 жағдай анықталып, 400-ден аса келуші мейман ойын-сауық орындарынан шығарылған.
«2020 жылдан бастап, осы күнге дейін 4188 рейд, 22 400 нысан, соның ішінде 4994 нысан карантиндік режимді бұзған. Соған байланысты, 566 протокол толтырылып, 191 миллион теңге айыппұл салынды. Яғни, 2020 жылдан бастап, бүгінге дейін 40 нысан өзінің жұмысын тоқтатты»,– деді қала бойынша мониторингтік топтардың үйлестірушісі Рауан Есіркенов.
Қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі Берлік Молдыбаевтың мәлімдеуінше, қазір рейдтік жұмыстар бір күнде 8 ауданда бірдей жүзеге асуда.Тек, соңғы тәулік бойынша Алмалы ауданындағы 15 нысан, Бостандық ауданындағы 8 мекеме, Медеу ауданында 11 және Әуезов пен Түрксіб аудандарында 4 ойын-сауық орталығы, сондай-ақ, Жетісу мен Наурызбай аудандарындағы 2 нысан карантин талаптарын бұзыпты.
13 наурызда карантин талаптарын бұзған нысандар: Алатау ауданы 2, Алмалы 15, Әуезов ауданы 4 нысан, Бостандық ауданы 8 нысан, Жетісу ауданы 1 нысан, Медеу ауданы 11 нысан, Наурызбай ауданы 1 нысан, Түрксіб ауданы 4 нысан.
«Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері белгілеген карантин нормаларын бұзатын бизнес нысандарын анықтау бойынша іс - шаралар күшейтілген режимде жүргізілуде. Тек, 13-інші наурыздан 14-інші наурызға қараған түні 46 заңбұзушылық анықталды»,– деді қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі Берлік Молдабаев.
Анықталған нысандардың 33-і мейрамхана мен кафе болса, 4-і компьютерлік клуб, қалғандары СПА салондары мен түнгі клубтар болған. Негізгі заңбұзушылық – шектелген жұмыс уақытының сақталмауы, адам санының көптігі және маска режимінің бұзылуы екен. Мәселен, Алмалы ауданындағы мейрамханалардың бірі бір уақытта 100-ден аса келушіні қабылдаған. Ал, адамдар қауіпті вирусқа көпшілік жиналатын жерлерде шалдығады. Жұқтырудың ең ықтимал жағдайы – қоғамдық орындарда 42,8%-ға жетсе, қоғамдық көлікте 17%. Сондықтан қала халқы барынша сақтық шараларын ұстанғаны абзал.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы