Жансақтау бөліміне түскен Мейрамбек Бесбаев палатаға шығарылды

19.01.2021 05:07

Дәрігерлердің сөзінше, әншінің бүгінгі жағдайы жақсарып келеді

фото: ankui.kz

Коронавирус жұқтырып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен Мейрамбек Бесбаев палатаға шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәрігерлердің сөзінше, әншінің бүгінгі жағдайы жақсарып келеді. Оның науқастанып қалғаны жайлы «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде жазған болатын.

«Қазіргі жағдайы орташа қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгін Алматы қаласының бас инфекционисінің келісімі бойынша Мейрамбек Беспаевты жаңадан ашылған Covid-19 науқастарын емдейтін ауруханаға ауыстыру жоспарда бар», – деді  №7 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімінің меңгерушісі Ұлжан Апбасова.

Ал, осыдан бірер күн ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов пен оның жұбайы коронавирусқа шалдыққаны туралы хабар тараған еді. Бүгінде танымал жұптың денсаулығы жақсарған. Үй жағдайында ем қабылдауда. Айта кетейік, аурудың адам таңдамайтынын, эпид ахуалдың нашарлап жатқанын дәрігерлер барынша ескертіп жатыр. Сондықтан, сақтық шараларын сақтағандарыңыз жөн.

«Желтоқсан айының аяғы мен қайтар айынан бастап, науқастардың саны көбейіп келеді. Мерекелік күндерде де бір-біріне қонаққа барады. Соған байланысты вирус жұқтырған науқастардың қатары көбейіп жатыр. Сақтық шарларын ұстануды сұраймыз», – деді  №7 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімінің меңгерушісі Ұлжан Апбасова.