Коронавирусқа байланысты шектеу шараларын алып тастаған бірқатар елде науқастар саны өсіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Демалыс күндері біз болашақта туындауы мүмкін мәселелердің белгілерін көрдік», - деді Гебрейесус.
«Қытайдың Ухань қаласында шектеулер алынып тасталғаннан кейінгі алғашқы ауру анықталды. Сондай-ақ Германия шектеулер жеңілдетілгеннен кейін ауру жұқтыру оқиғасының көбейгені туралы хабарлады», - деп атап өтті ол.
ДДҰ басшысы елдерді сақтықпен қарауға және шектеулерді алып тастамас бұрын ұлттық денсаулық сақтау жүйесі ауырғандар санының ұлғаюына төтеп беру үшін, сондай-ақ анықтау, қадағалау және оқшаулау үшін қажетті ресурстардың болуын қамтамасыз етуге шақырды.
«Серологиялық зерттеулер көрсеткендей, халықтың аз бөлігінде COVID-19-ға қарсы антиденелер бар. Бұл халықтың көп бөлігі вирусқа қарсы тұруға қауқарсыз екенін білдіреді», - деп айтып өтті Тедрос Адханом Гебрейесус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры әлемде коронавирус жұқтырудың расталған жағдайларының саны 4 миллион адамнан асқанын хабарлады.