Әзербайжанда карантин режимі 1 желтоқсанға дейін ұзартылды

29.10.2020 14:03

Оперативті штабтың мәліметінше, соңғы күндері Ләнкәран қаласы, Жәлилабад, Масалли аудандарында инфекция жұқтырғандар саны артқан

inform.kz

Әзербайжанда карантин режимінінің мерзімі 1 желтоқсанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Коронавирус инфекциясы жаңа түрінің (COVID-19) таралуын және оның ықтимал салдарының алдын алу мақсатында ел аумағында Әзербайжан республикасы Министрлер кабинетінің қаулысы негізінде айрықша карантин режимінің мерзімі 2020 жылдың 1 желтоқсаны сағат 06:00-ге дейін ұзартылды.

Оперативті штабтың мәліметінше, соңғы күндері Ләнкәран қаласы, Жәлилабад, Масалли аудандарында инфекция жұқтырғандар саны артқан. Осыған байланысты 29 қазанда сағат 00.00-де аталмыш қала мен аудандар аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады. Тек арнайы және жедел қызметтер мен жүк көліктеріне ғана өтуге рұқсат етіледі.

Төменде көрсетілген күндері Баку, Сумгайыт, Гянжа, Мингячевир, Шеки, Ширван, Ләнкәран қалаларында, Абшерон, Гейгель, Самух, Сабирабад, Губин, Агстафин, Билясувар, Хачмаз, Исмаиллин, Гах, Загаталь, Жәлилабад, Масалли аудандарында қоғамдық көліктердің жүрісі тоқтатылады:

31 қазанда сағат 00.00-ден 2 қарашада сағат 06.00-ге дейін;

7 қарашада сағат 00.00-ден 9 қарашада сағат 06.00-ге дейін;

14 қарашада сағат 00.00-ден 16 қарашада 06.00-ге дейін;

21 қарашада сағат 00.00-ден 23 қарашада 06.00-ге дейін;

28 қарашада сағат 00.00-ден 30 қарашада 06.00-ге дейін.

«Азаматтарды COVID-19 вирусына қарсы күрестегі карантин талаптарын қатаң сақтауға, медицина маскасын тағу және басқа да қажетті медицина-профилактика құралдарын қолдануды, қоғамдық орындарды бөгде адамдармен барынша аз байланыста болуға шақырамыз», – делінген штаб хабарламасында.