Коронавирус: Атырау облысында 2 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын дайындалады

30.10.2020 14:14

Оның ішінде 120 реанимациялық кереует болады

inform.kz

Атырау облысында коронавирус инфекциясы қайта өршіген жағдай үшін 2080 инфекциялық төсек-орынды дайындау мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, оның ішінде 120 реанимациялық кереует болады. Сондай-ақ, қазір Атырауда модульдік типтегі 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталған. Енді аталған аурухананы медициналық құрылғылармен жабдықтау жүріп жатыр. 

«Облыста ПТР-тестілеуді 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік зертхана жүргізуде. Коронавирус инфекциясы басталғалы бері 320 419 ПТР-тест алынды. Соңғы аптада ПТР зерттеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 3152-ні құрап отыр. Модульдік ауруханаға тағы бір ПТР-тест аппаратын қою жоспарлануда. Жылыой ауданында салынып жатқан инфекциялық модульдік аурухана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, аймақтағы емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмектердің үш айлық қоры жасақталды», – дейді Асхан Байдуәлиев. 

Оның айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары 3 МРТ, 11 компьютерлік томография, 81 УЗИ, 256 жасанды тыныс алу, 27 рентген аппараттарымен, сондай-ақ 977 оттегі генераторы мен 1341 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.