Алдыңғы «рекорд» Италияға тиесілі болған: 27 наурызда 969 өлім тіркелді
АҚШ-та бір тәулікте қауіпті індеттен көз жұмғандар саны әлем бойынша рекордық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы тәулікте елде 1169 адам кесел кесірінен қаза болған. Ал індет басталғалы бері вирус 5 мың 926 АҚШ азаматының өмірін жалмады. Бұған дейін індет Италияда өршіп, сәйкесінше қаза тапқандар да осы елде көп еді. Бірақ бұл ел әлемде қауіпті індеттен өлім саны бойынша бірінші тұр. Құрбан болғандар 14 мыңға, ал коронавирусты жұқтырғандар 115 мыңнан асады.
Ал, Ресей Президенті Владимир Путин елдегі карантин уақытын 30 сәуірге дейін созды. Мұнда көз жұмғандар 30 адамға жетті. Елдегі 72 аймақтан барлығы 3500 адамның вирус жұқтырғаны анықталса, Қырғызстанда алғашқы өлім тіркелді. Ол – Ош облысының 61 жастағы тұрғыны. Науқас жақында шетелден келген, сонымен қатар, өзінің созылмалы ауруы болған. Қазіргі уақытта Қырғызстанда індет жұқтырғандар саны 100-ден асып кетті.