Жамбыл облысында пневмониямен ауырғандар саны 2,6 есеге төмендеді

05.08.2020 14:21

Аймақта жедел жәрдем шақыртулар саны салыстырмалы түрде 11,4 пайызға кеміген

REUTERS

Жамбыл облысында қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде, соңғы аптада, яғни, 28 шілде – 4 тамыз аралығында пневмониямен аурушаңдық 2,6 есе төмендеген.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 4 тамызы бойынша Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны 3863 адамға жетті. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 318,4 айналса, тәуліктік өсім 1,3 пайызды (47 жағдай) құраған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, тіркелген жағдайлардың ішінде 1589 науқас симптоммен, 2094 науқас симптомсыз. Бүгінге дейін инфекциялық стационардан 3004 азамат сауығып шықты. 

«Жалпы облыста коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында 2030 төсекқоры жасақталған. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда – 199 адам емделуде. Бұл орайда төсек-орын жүктемесі 29,7 пайызды құрап отыр. Реанимация бөлімінде 48 науқас жатса, ИВЛ аппаратында жатқандар-12, оттегіге қосылғандар — 93 адам. Провизорлық стационарда – 295 емделуші және үй жағдайындағы карантинде – 1621 адам бар. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 7 айында 12869 адам пневмониямен ауырған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 38,1 пайызды құрағанымен, атқарылған іс-шаралар нәтижесінде, соңғы аптада 28 шілде – 4 тамыз аралығында пневмониядан аурушаңдық 2,6 есе төмендеді», – дейді Марат Жұманқұлов. 

Бұдан бөлек, аймақта жедел жәрдем шақыртулар саны тәулігіне – 1239-ді құрап, салыстырмалы түрде 11,4 пайызға кеміген. Оның ішінде КВИ індетімен 2 есе, пневмониямен шақыртулар 2,4 есеге төмендегені белгілі болып отыр. 

Сондай-ақ, спикер өңірде медициналық бұйымдар мен қажетті препараттар жеткілікті екендігін тілге тиек етті. Қазіргі таңда 69 958 дана костюмдер, 424 198 дана бір реттік маска, 42 509 респиратор, 302 451 бір реттік қолғап, 230 вирусқа қарсы препарат, 71 847 антисептик және дезинфекциялық заттардың қоры бар. Медициналық мекемелердегі жеке қорғану құралдарының қоры орташа есеппен 42 күнге жеткілікті екен.