Оптимистік сценарий кезінде коронавирус жұқтыру жағдайы қараша айында тәулігіне 1 500, ал желтоқсанда 1 100 болуы мүмкін
Денсаулық сақтау министрі коронавирустың таралуы бойынша 3 айға болжам жасады. Алексей Цойдың атап өтуінше, оптимистік сценарий кезінде коронавирус жұқтыру жағдайы қараша айында тәулігіне 1 500, ал желтоқсанда 1 100 болуы мүмкін. Осындай болжамға қарамастан, Үкімет басшысы мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Оған себеп – көрші елдерде жағдай қайта ушыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы 2 аптада елімізде коронавируспен ауыру көрсеткіші 11 пайызға төмендеген. Десек теғ қауіпті дертті жұқтырған 612 адамның жағдайы ауыр. Тіпті, бір тәулік ішінде 24 адам коронавирустан, тағы 10 сырқат пневмониядан қайтыс болған. Коронавирустан ажал құшқандардың ішінде ең көбі Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Ал Денсаулық сақтау министрі коронавирустың таралуы бойынша 3 айға мынадай болжам жасап отыр.
«Министрлік алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал болжамын жаңартты. Атап айтқанда, пессимистік сценарий кезінде қарашада орташа тәуліктік тіркелетін жағдай саны 1 800-ге дейін, ал желтоқсанда 2 350-ге дейін жетеді. Нақты сценарийге сәйкес, қарашада 1 650, желтоқсанда 1 600 жағдай тіркелуі ықтимал», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Үкімет басшысы елімізде вакцина салу қарқыны төмендеп кеткенін сынға алды. Қазіргі кезде барлығы 8 миллионнан аса адам бірінші компонентті, 7,4 миллионға жуық адам екінші компонентті алған. Әсіресе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында вакциналау мәселесі Үкімет жоспарына сай жүргізілмей отыр. Дерттің дендеуіне жол бермес үшін Асқар Мамин мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Жалпы, эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Дегенмен көрші елдерде жағдайдың қиындағанын көріп отырмыз. Сондықтан өңірлердің, әсіресе шекаралас өңірлердің әкімдері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етсін, науқастану деңгейіне нақты мониторинг жүргізу және жедел шаралар қабылдап отыру қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Сонымен қатар Үкімет басшысы мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Халық арасында вакциналау мен ревакциналаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан