Коронавирустан көз жұмған павлодарлық туберкулезге қарсы диспансерде есепте тұрған

10.06.2020 14:30

Кеше Түркістан және Павлодар облыстарында коронавирустан 3 науқас көз жұмған болатын

Фото: Reuters

Павлодарда коронавирус індетінен 58 жастағы ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Короновирус инфекциясы Павлодар қаласының 1962 жылғы азаматынан анықталып, расталған. Ол фтизиатр дәрігердің диспансерлік есебінде тұрған», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Ер адам облыстық туберкулезге қарсы диспансерде тұрақты түрде стационарлық ем қабылдап, тұрғылықты мекенжайында амбулаторлық ем алған. 29 мамыр күні ол фтизиатр дәрігерге келіп, өзін нашар сезінгенін айтып, демікпе, қақырық түсетін жөтел, оң жақтағы жауырынында ауырсыну пайда болғанына шағым білдірді. Одан COVID-19 індетін анықтау мақсатымен талдау алынды.

«Ер адамның жағдайының нашарлауына байланысты ол облыстық туберкулезге қарсы диспансердің терапия бөліміне жолданды», - деп қосып өтті әкімдіктен.

3 маусымда COVID-19 індетін анықтау үшін алынған талдау қорытындысы оң болып шықты. Ер адам бірден инфекциялық стационардың жансақтау бөліміне жеткізіліп, жағдайының нашарлауына байланысты өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.

«Пациентке барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, тиісті мамандардың кеңесі ұйымдастырылды, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының сарапшылар тобымен күнделікті консилиум өткізіліп тұрды. Емдеу бекітілген стандарттар, аурулар диагностикасы мен емдеу стандарттарына сәйкес жүргізілді. Қарқынды терапияның жүргізілуіне қарамастан пациент 9 маусым күні сағат 08:00-де қайтыс болды», - деп растады өңірлік әкімдіктен.

Өліммен аяқталатын жағдайларды зерттеу комиссиясының шешімімен ер адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болған деп тіркелді.

«Марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, кеше Түркістан және Павлодар облыстарында коронавирустан 3 науқас көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.