Израиль жұма күнінен бастап коронавирустың екінші толқынынан кейін індеттің таралуын болдырмау үшін үш апталық қатаң карантин енгізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлттық мейрамдар қарсаңына тұспа-тұс келген карантин уақытында ел азаматтарына үйлерінен 500 метрден астам қашықтықта жүруге тыйым салынады, бірақ олар шектеулі режимде жұмыс істейтін кеңселерге бара алады.
Мектептер мен сауда орталықтары жабылады, тек супермаркеттер мен дәріханалар жұмыс істейді. Үкіметтік ұйымдар қысқартылған құрамда жұмыс істейтін болады, ал клиенттермен жұмыс істемейтін мемлекеттік емес агенттіктер мен кәсіпорындар ашық болады.
Қаржы министрлігі оқшаулау коронавирустың салдарынан рецессияға ұшыраған экономикаға шамамен 6,5 миллиард шекель (1,88 миллиард доллар) шығын әкеледі деп мәлімдеді.
Нетаньяху Қаржы министріне карантиннен зардап шеккен кәсіпорындарға көмектесу үшін жаңа экономикалық пакет әзірлеуді тапсырғанын айтты.
Ауру жұқтырғандар саны күрт артып, өткен аптада 4000-нан асты, сенбі күні 2 715 адам індетке шалдыққан. Пандемия басталғаннан бері Израильде 1 108 адам қайтыс болды. Нетаньяхудың айтуынша, бұл алаңдатарлық жағдай болды және үкіметті әрекет етуге итермеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Хези Леви жексенбі күні радио сұхбатында қатаң шектеулер енгізу керек деп мәлімдеді. Бұл шаралар елдегі вирустың жаңа толқынын тоқтата алады.