Елімізде коронавирус өсімі 35 пайызға төмендеді – Цой

14.09.2021 в 14:39

14 қыркүйектегі жағдай бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 845 388-ге жетті

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда коронавирус өсімі 35 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Бүгінде, әлем бойынша COVID-19-бен науқастану және одан өлім-жітімге қатысты ахуал әлі де құбылмалы болып тұр. Десек те, соңғы екі аптада еліміздің 5 өңірі «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өткен. Олар: Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Бүгінде 1-компонентпен 7,1 млн-нан астам екпе алды. Бұл екпемен қамтылуы тиіс халықтың 71,5 пайызын құрайды. 2-компонент 5,9 млн-нан астам адамға салынып, қамту көрсеткіші 60 пайызға жуықтады. Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Екпе жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бұл ретте Батыс Қазақстан мен Маңғыстау әкімдеріне Премьер-министр Асқар Мамин вакцинамен қамтуды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар білім мекемелерінде санитария тәртібінің сақталуын ерекше бақылауда ұстау керектігін айтты.

«Қазіргі басты міндетіміз – «қызыл» аймақтағы өңірлерде вирус жұқтыру деңгейінің орнықты төмендеуіне қол жеткізу. Ол үшін эпидемиологиялық жағдайды ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін, әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарында. Жаңа оқу жылының басталғанын ескерсек, білім беру ұйымдарында санитариялық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстаңыздар»,– деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.