Елордадағы аурухана маңында жатқан адам пневмония шалдыққан тұрғын емес, мас болған. Бұл туралы №2 аурухананың бас дәрігері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде астанадағы аурухана маңында жатқан адамның видеосы тарап кетті. Ролик авторы науқастарды ауруханаға қабылдамағандықтан, далада жатуға тура келетінін айтқан.
Бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбол Тұрсынбаев ғимарат алдында жатқан адам мөлшерден тыс ішімдік ішкенін мәлімдеді.
«Біріншіден, біз COVID-19 жұқтырғандарға арналған аурухана емеспіз. Бізге жедел жәрдем ондай пациенттерді әкелмейді. Екіншіден, видеодағы ер адамның тұрғылықты мекенжайы жоқ. Ол кісіні белгісіз біреулер аурухана кіреберісіне жеткізген. Алайда мекеме қызметкерлеріне ескертпеген», – деді ол.
Оның айтуынша, қызметкерлер ер адамды ауруханаға кіргізген. Алайда ол мас болған және медицина қызметкерлерінің көмегінен ба тартқан. Мединалық көмекке мұқтаж болған жоқ.
Көшеде арбада отырған екінші адам да мас болды. Ол да ауруханаға жатудан бас тартты. Туыстары алып кетті. Кейін тағы да мас күйінде ауруханаға алып келді. Қазір оған көмек көрсетіліп жатыр. Ол алкогольмен уланды.
«Желіде жүрген арандатушы роликтерге сенбеуді сұраймыз. Жалған ақпаратты тарататын авторларға әлеуметтік жауапкершілік туралы ойланып, оны есте сақтағаны жөн. Дәрігер маман ретінде барлық қала тұрғындарының өмірін құтқарып жатырмыз. Бізге бекер жала жабудың қажеті жоқ», – деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбол Тұрсынбаев.