Бұл алдыңғы аптаға қарағанда тиісінше 2 және 9 пайыз аз
Өткен аптаның ішінде әлем бойынша 4,1 млн астам адам коронавирус жұқтырып, 44 мыңнан астамы қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) таратқан мәліметке сай, вирус жұқтыру жаңа оқиғаларының саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 2 пайыз, ал одан болған өлім оқиғалары – 9 пайыз қысқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ДДСҰ-ның апта сайынғы эпидемиологиялық бюллетенінде келтірілген статистикалық мәлімет бойынша, 13-19 желтоқсан аралығында қауіпті вирус жұқтырған 4 177 622 адам анықталып, 44 616 өлім оқиғасы анықталды. Бұл алдыңғы аптаға қарағанда тиісінше 2 және 9 пайыз аз. Сонымен бірге, Африкада коронавирус жұқтырудың (53 пайыз) және одан болған өлім оқиғалары санының (15 пайыз) айтарлықтай өсімі тіркелді.
Африкадан басқа, ауру жұқтыру деңгейі Батыс-Тынық мұхиты аймағында да өскен (12 пайыз). Қауіпті вируске шалдығу оқиғаларының 63 пайызы Еуропада тіркелген, ал одан болған өлім оқиғалары 60 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге, онда ауру жұқтыру деңгейі 3 пайыз, ал өлім-жітім деңгейі – 7 пайыз қысқарған.
Америкада коронавирус жұқтыру жаңа оқиғаларының саны 10 пайыз, ал Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Жерорта теңізі аймағында – 12 пайыз қысқарды.