ҚР Премьер-министрі оқшаулану режимінен шықты

19.06.2020 20:50

COVID-19-ға жасалған ақырғы талдау нәтижесі теріс қорытынды берген

inform.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин короновирус инфекцияcын диагностикалау хаттамасына сәйкес, қажетті мерзім аяқталғаннан кейін өзін-өзі оқшаулау режимінен шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

COVID-19-ға жасалған ақырғы талдау нәтижесі теріс қорытынды берген. Бұл туралы ҚазАқпарат Премьер-Министрдің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Садық Әкежановқа сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ, бұған дейін өзін-өзі оқшаулаған білім беру министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев осындай процедурадан өтті. Барлығынан COVID-19-ға теріс нәтиже алынды. Осыған байланысты Үкімет басшысы мен министрлер жұмыс кестесін штаттық режимде жалғастырады. Қазіргі уақытта Үкімет отырыстары мен барлық кеңестер селекторлық режимде өтуде. Үкімет пен министрліктер үйінің ғимараттарында санитарлық тәртіп күшейтілді, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылды, қызметкерлердің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Еске сала кетсек, осыдан біраз күн бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-парақшасында коронавирус жұқтырғанын хабарлаған еді. 12 маусымда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып қайтқан. Онда Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов та болған. Осыған байланысты Үкімет басшысы оқшаулануға мәжбүр болып отыр. Әріптестерімен бірге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен ҚР Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз үйлерінде оқшауланды.