Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймаққа шықты

05.02.2021 15:23

Кеше «қызыл» аймақта болған Батыс Қазақстан бүгін «сары» аймаққа өтті

Фото: vlast.kz

Денсаулық сақтау министрлігі 5 ақпандағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

5 ақпандағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстанның үш облысы «қызыл» аймақта тұр. Олар: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары. 

Кеше «қызыл» аймақта болған Батыс Қазақстан бүгін «сары» аймаққа өтті. 

«Сары» аймақта Батыс Қазақстанмен қатар Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Қарағанды облыстары бар. 

Қалған өңірлер мен қалалар – «жасыл» аймақта. Матрица жалпы Қазақстанның «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өткенін көрсетті.

Айта кетейік, өткен аптада коронавирустан 64 адам қайтыс болғанын жазған болатынбыз.