Алексей Цой тұмауға қарсы екпе салдырды

inform.kz
inform.kz
Қазақстанда вакцина салу кезеңі 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін маусымдық тұмауға қарсы вакцина салдырды. Нұр-Сұлтандағы № 6 қалалық емханаға келген лауазым иесі, екпені салмас бұрын препараттың қауіпсіз екеніне, әрі респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың алдын алуға қауhарлы екеніне жұртшылықтың көзін жеткізуге тырысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Cондай-ақ,  Алексей Цой екпе салдыру науқанының неліктен 15 күн ерте басталғанын түсіндіріп, коронавирустың кезекті толқынының болу-болмауына байланысты өз пікірін ортаға салды.

Елімізде күз айларында ушығып кететін респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға қарсы екпе салдыру әдетте қазан айының 1-інен басталатын. Алайда, биыл вакцинациялау науқанын 15 күн бұрын өткізу ұйғарылды. Оған қараша мен желтоқсан айларында коронавирус індетінің жаңа толқыны келеді деген болжамдар себеп.

«2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда респираторлық вирустық инфекциямен ауырған 431 120 адам тіркелген. Олардың 2,5 мыңнан астамы тұмауға шалдыққандар. Науқастардың 60 пайыздан астамы 14 жасқа толмаған балалар. Сондықтан биыл халықты вакцинациялау өзекті болып тұр. Оның үстіне коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін. Олай болса, елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастап отырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Вакцина салу кезеңі ертеңнен басталып, қарашаның 15-іне дейін жалғаспақ. Бірыңғай дистрибьютор Ресейде өндірілген вакцинаның 2 миллион 200 мың дозасын сатып алған. Бұл қазақстандықтардың 10 пайызынан астамын вакцинациялауға жеткілікті. Екпе тәуекел тобына кіретін  адамдарға, атап айтсақ, мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар, медицина қызметкерлер, жүкті әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар, созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар, 60 жастан асқан қарт адамдарға тегін егіледіТұмауға қарсы вакцинаны Денсаулық сақтау министрі алғашқы болып салдырды. Одан бұрын ақ халаттылар Алексей Цойдың дене қызуы мен сатурациясын тексерді.      

«Тұмауға қарсы екпені жылда салдыртамын. Ол дерт өрши түскен маусымда респираторлық вирустық инфекцияны жеңіл өткеруге көмектеседі. Биыл ресейлік «Гриппол» препараты салынды. Ол әр эпидемиологиялық маусымда Қазақстанда сол маусымдағы вирустың штаммдарын ескеріп өндіріледі. Тәуекел тобына кірмегендер үшін вакцинаның құны 2500 мен 4 мың теңгенің шамасында болмақ», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Ал коронавирустың кезекті толқынының болу-болмауы тікелей өзімізге байланысты,- деді министр. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде киюді ол тағы да ескертті. Анықталғаны, жағдайдың тұрақты болғанына қарамастан, қазір төсек-орын қоры ұлғайтылып, дәрі-дәрмек сатылып алынуда. Қосымша 5 мың өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 3 мыңнан астамы Қазақстан ауруханаларында орнатылған. Табысталған аппараттың 1,5 мыңын отандық өндірушілер шығарған екен. Ал еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 20 қыркүйектен кейін қатаң карантин шаралары енгізілетіндігіне қатысты қауесетке орай пікір білдірді.

«Маусым-шілде айларымен салыстырғанда елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін айта аламыз. Сондықтан мемлекеттік органдардың ақпаратына, яғни, ресми ақпараттарға ғана сенуге шақырамыз. Ал қыркүйекте карантин енгізеді деп жүргендерге айтарым, мұндай ресми ақпар жоқ. Барлығы да эпидемиологиялық ахуалға байланысты», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Айжан Есмағамбетова демалыс күндері шектеу шараларын алып тастауға да пікір білдірді. Айтуынша, бұл мәселе әзірге қарастырылмайды. Демалыста адам көп шоғырланатын сауда, ойын-сауық орталықтарының, жабық базарлардың, фитнес-орталықтардың, спа-орталықтардың және сұлулық салондарының жұмысына ғана шектеу барын жеткізді. Басты міндетіміз - эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтау және аурудың одан ары төмендеуіне қол жеткізу, - деді еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров