Егер естуіңіз нашарлағанын байқасаңыз, шұғыл дәрігерге қаралу қажет
Коронавируспен ауырған кезде иіс пен дәм сезу ғана жоғалмайды, есту қабілеті де нашарлауы мүмкін. Жоғары санаттағы ЛОР-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Зайцев бұған вирустың жүйке жүйесін зақымдауы себеп екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Коронавирус инфекциясы – нейротропты вирус, ол жүйке жүйесін зақымдайды, сенсоневральды кереңдікке әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда есту жүйкесінің түкшелі жасушалары зақымдалады, сөйтіп адамның құлағы естімей қалады», – деді дәрігер.
Оның айтуынша, адам керең болып қалуы да ғажап емес.
Тағы бір себеп — бұл вирустың есту түтігін зақымдауы.
«Вирус бізге ауа-тамшы жолымен түсетіндіктен, инфекция жұтқыншақ арқылы да өтеді. Сол кезде есту түтігінде проблема пайда болып, евстахиитке әкеп соғады», – деп түсіндірді Зайцев.
Егер естуіңіз нашарлағанын байқасаңыз, шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Өйткені маман ғана оның себебін анықтап, емдеу жолын көрсетеді. Үйде өздігінен емделу жағдайды нашарлатып жіберуі мүмкін, деп ескертті дәрігер.