Жер шары тұрғындары арасында індет жұқтырғандардың саны 23 миллионнан асып отыр
SARS-CoV-2 коронавирус індеті тудыратын COVID-19 өкпе ауруы індеті бүкіл әлемде 800 мыңнан астам адамның өмірін жалмады. Мұндай дерек Американың Джонс Хопкинс университеті 22 тамыз, сенбі күні жариялаған мәліметтерде келтірілген. Аталған аурумен қайтыс болған пациенттердің 25 пайызға жуығы (175 467-сі) Құрама Штаттарының тұрғындары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Университет сарапшыларының бағалауынша, Жер шары тұрғындары арасында індет жұқтырғандардың саны 23 миллионнан асып отыр. Коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі АҚШ (5,63 млн), Бразилия (3,53 млн) және Үндістанда (2,97) тіркелген. Ауру жұқтырғандар саны соңғы уақытта Батыс Еуропа елдерінде де артып барады. Мәселен, Германияда өткен тәулікте 2 034 адамнан вирус табылды. Бұл сәуір айының соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Францияда да екінші күн қатарынан індет жұқтырғандардың саны 4 мың науқастан асып жығылған. Мұндай жоғары көрсеткіш бұл елде мамыр айынан бері тіркелмеген еді. Италияда да өткен тәулікте 1 071 жағдай тіркелді. Мамыр айының ортасында қатаң карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін бұл елде алғаш рет 1 мыңнан асатын жағдай орын алып отыр.