ҚР Денсаулық сақтау министрі ревакцинация тактикасы өзгергенін хабарлады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бүгінгі күні ревакцинациямен 44 702 адам қамтылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ревакциналау әдісі өзгерді. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, ведомство коронавирус инфекциясы штамдарының айналымдағы нұсқаларының мониторингін тұрақты негізде жүргізіп келеді. «Мәселен, «омикрон» штамының пайда болғанын ескеріп, Алматы қаласында аталған штамм нұсқасына тән мутацияның болуына алдын ала ПТР скринингі жүргізілген. Елімізде «омикрон» штамының нұсқасы анықталмапты.  

«Әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты қайта вакциналау тактикасын қарады. Осылайша, 8 желтоқсаннан бастап 6 айдан кейін вакциналауды екі дозамен аяқтаған адамдардың бәрі, сондай-ақ коронавируспен ауырғандар да қайта вакциналануы тиіс. Бүгінгі күні  44 702 адам қайта егілді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бұл ретте Асқар Мамин ревакциналаудың маңызын халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ол вакциналау қарқыны төмен Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне вакциналаумен және қайта екпе салумен қамтуды жүктеді.

Айта кетейік, соңғы екі аптада елдегі коронавирус жұқтыру көрсеткіші 28% кеміген.  

«Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасуда. Бірінші компонентті 8,8 миллионнан астам адам алды. Бұл вакциналауға жататын ересек халықтың 77,5%-ын құрады. Екінші компонентті 8,2 миллионнан астам адам салдырды. Яғни, екпеге жататын ересек тұрғындардың 72,5%-ы қамтылды. Comirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші компонентін бүгінгі таңда 128 174 жасөспірім және 31 747 жүкті және бала емізетін әйел алған. Ал екінші компонентті - 5 592 адам салғызды», – деді Алексей Цой.

Новости партнеров