Қазақстанда ковидке қатысты шектеу енгізу жоспарда жоқ - министр

03.12.2022 15:48

Оның айтуынша, елімізде ұжымдық иммунитет қалыптасқан

gb12-barnaul.ru

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда коронавирустың таралуына қатысты шектеу енгізу жоспары туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ковид шектеулері туралы айтатын болсақ, Қытайдағы қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Пандемия басталғаннан бері Қытайда өте қатаң шектеу шаралары қабылданды. Осы орайда, олар инфекцияны оқшаулауға қатысты шектеу іс-шараларына ерекше мән берді. Қазір Қытайдағы ұжымдық иммунитет қандай деңгейде екенін айта алмаймын. Оларда ауру шыққан жерлерде шектеу іс-шаралары қабылданады. Бұған халық өз наразылығын білдіріп жатқан болар», - деді А. Ғиният Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

«Елімізде 10 миллионнан астам адам вакцина салдырғанын, бес миллионнан астам адамға қайта вакцинациялау жүргізілгенін, ұжымдық иммунитет қалыптасқанын, сондай-ақ омикронды адамдар жеңіл еңсеріп жатқанын ескере отырып, ел аумағында шектеу іс-шараларын енгізу жоспарланбаған», - деді министр.