Мамин демалыс күнгі локдаунға байланысты тапсырма берді

18.08.2021 19:58

Вакцинаның бірінші компонентін салдырған адамдар саны 6,1 миллионнан асты. Екінші компоненті 4,8 миллионнан астам тұрғынға салынды

Almaty.tv

«Қызыл» аймақтағы өңірлерде демалыс күнгі локдаунды сақтау қажет. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин орынбасарлары мен министрлерге, әкімдерге осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv

Ал қазір Қазақстанда Түркістан облысынан өзге өңірлердің барлығы «қызыл» аймақта тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қауіпті дерттің өршуіне халықтың санитарлық талаптарды сақтамауы себеп. Ел арасында той-томалақ азаяр емес. 

Иә, бүгін Денсаулық сақтау министрі Үкімет басшысынан тағы да мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді өтінді. Айтуынша, карантиндік талаптарға қарамастан бірқатар өңірлерде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар тыйылмай тұр. Соңғы 2 аптада рейд жүргізу 16 пайызға артып, заң бұзушылықтарға жол берген нысандар саны 1,2 есеге өскен. Өз кезегінде Премьер-министр мұндай жағдайда «қызыл» аймақтағы облыстарда демалыс күнгі локдаунды сақтау керек деген шешім айтты.

«Халықтың шектеу талаптарының орындалуын бақылауды жалғастыру керек. Бұл үшін өңірлерде мониторинг топтарының саны көбейтілді, олардың қызметінің тиімділігін күшейту қажет. Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтілсін. «Қызыл» аймақтардағы өңірлерде демалыс күнгі локдаундарды сақтау қажет», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Денсаулық сақтау министрінің атап өтуінше, мониторинг топтары Ashyq жобасына қатысатын 60 473 нысанның да карантиндік іс-шараларды сақтауын бақылап, нәтижесінде 1 183 нысандағы ереже бұзушылық анықталған. Алексей Цой бұл мәселеде халықтың өзінің және өзгенің денсаулығына немқұрайлы қарауы қынжылтады дейді.

«Бұған қоса, Ashyq енгізілген сәттен бері 46 067 «қызыл» және «сары» мәртебесі бар келуші анықталды. Олардың 29 930-ы ПТР-дің оң нәтижесімен жүрсе, 16 137-сі байланыста болған. Өкінішке қарай бұл статистика кейбір азамат үйде оқшаулану режимін сақтамайтындығын, тұрғындар жаппай жиналатын нысандарға баруға тырысатындығын, ел ішінде сапарлайтындығын, сол арқылы төңірегіндегілерге жұқтыру қаупін төндіретіндігін көрсетеді. Төңірегендегілерге қауіп төндіретін азаматтардан азаматтық жауапкершілік танытуға және вирустың таралуына өз үлесін қоспауға өтінемін», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Дегенмен халықты аурудан қорғау үшін жүргізіліп жатқан вакциналау науқаны да өз нәтижесін бере бастағандай. Елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші 2 пайызға төмендеген. Бүгінгі күні барлық өңірге Қытайдың Sinopharm вакцинасының 1-топтамасы жеткізіліпті. Үкімет басшысы бірінші кезекте мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, коронавирус екпесінің 1-компонентін халықтың вакциналауға жататын тобының 62 пайызы, яғни 6 миллионнан астам адам алса, 2-компонент 4 млн. 8 мың адамға салынған. Министрдің дерегінше, коронавирус екпесін егу жұмысы Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Ал вакцинаның 1-дозасын алушылар қатары Маңғыстау облысында әлі де төмен.

Бүгінде 120 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Жалпы инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 53, ал реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 47 пайыз. Әсіресе Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарында ауруханаға түскендер саны көп. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, реанимацияға түскен науқастардың 40 пайыздан астамы «дельта» штаммын жұқтырғандар. Аталған пациенттер өз-өзін емдеумен айналысқан және медициналық көмекке кеш жүгінген.