СҚО-да демалыс күндері карантин талаптары күшейтіледі

13.08.2020 15:54

Өңір тұрғындарына отбасылық мерекелерді өткізуге, той-томалаққа баруға, туған-туыс, дос-жарандарын аралауға тыйым салынған

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы демалыс күндері карантин талаптары күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысы бойынша демалыс күндеріне шектеу шаралары 15 тамыз күні сағат 00.00-де күшіне еніп, 17 тамыз сағат 00.00-ге дейін жалғасады. 

Бұл жолғы қаулыда өзгеріс бар. Мейрамхана мен дәмханада тағамды тапсырыс бойынша жеткізумен қатар, келушілерге өзімен алып кетуге салып бере алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін сататын дүкендерге жұмыс істеуге рұқсат берілген. 

Бұдан басқа азық-түлік және дәрі-дәрмек сататын сауда орындарынан басқасы, базарлар, демалыс орындары мен монша-сауналар, саябақтар, туризм және спорт нысандары жұмысын тоқтатады. 

Өңір тұрғындарына отбасылық мерекелерді өткізуге, той-томалаққа баруға, туған-туыс, дос-жарандарын аралауға тыйым салынған. 

Жалпы бұл күндері жұмысқа баруға, жақын маңдағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға баруға және аулада үй жануарларын серуендетуге ғана шығуға рұқсат берілген. 

Қала, елдімекендер ішінде, сондай-ақ саяжайларға баратын қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылады. 

Айта кетейік, СҚО-да өткен тәулікте 33 адамда коронавирус белгілері анықталса, 41 науқас тәуір болды. Жалпы наурыз айынан бері өңірде қауіпті індеттің 3641 жағдайы тіркелсе, 2527 адам емделіп шықты. 17 адам қайтыс болды.