Мақтааралда далада қалған 28 отбасы баспаналы болады

23.05.2020 16:00

Бұл туралы Асқар Мамин апат аймағына келген жұмыс сапары барысында мәлімдеді

Мақтаарал ауданында апатты жағдайдағы ескі ғимараттарда тұрып келген 28 отбасыға қосымша баспана салынатын болды. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин апат аймағына келген жұмыс сапары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бос тұрған ғимараттарды еш құжатсыз паналап келген жандар енді жаңа баспанаға ие болады. Олардың барлығы су басқан ауылдардың тұрғындары. Баспана тауқыметін тартқан отбасылардың айтар алғысы шексіз», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкімет басшысына Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын таныстырды. Сондай-ақ, олар Мырзакент ауылында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының 500 отбасыға арналған жаңа шағынауданның құрылысын аралады.